Эпштейн мұрагерлері жәбірленуші 40 шақты әйелге 35 млн доллар төлеуге келісті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Эпштейн файлдары
Қаржыгер Эпштейін қылмыстарына қатысы бар құпия құжаттар бүкіл әлемді дүр кілкіндірді / фото: shutterstock

Джеффри Эпштейннің мұрагерлері мен екі атқарушысы бірнеше жәбірленушіге 35 млн долларға дейін өтемақы төлеуге келісті. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

1995 жылдан бастап 2019 жылғы 10 тамызға дейінгі аралықта зорлық-зомбылық немесе адам саудасы құрбаны болуы мүмкін бір топ әйелмен бейбіт келісімге отыру шарттары қаралып жатыр. Істің сотқа жетпеуіне мүдделі Эпштейн мұрагерлері шағымданушыларға миллиондаған доллар төлеуге келісіп отыр.

Бейбіт келісімді Нью-Йорктегі федералдық сот бекітуге тиіс. Адвокаттардың айтуынша, жәбірленушілер тобында қырық шақты әйел бар. Олардың мүддесін қорғаушылар шағымды 2024 жылы түсірген. Арыз ұзақ уақыт бойы Эпштейннің адвокаты болып істеген Даррен Индайк пен қаржыгердің бухгалтері Ричард Канның үстінен жазылған. Бұл екеуі тағылған айыптарды мойындамай отыр.

Келісім аясында арызданушылар тобы 35 млн доллар алады. Егер олардың саны қырықтан аз болса, 25 млн доллар төленуі мүмкін. Әзірге шағымданушылар келісімге қол қоймаған.

Адвокат Дэниел Вайнердің мәлімдеуінше, ақша Эпштейн мұрасынан төленеді. Тағы бір адвокат Сигрид Маккоулидің айтуынша, келісім құпия келіссөздер нәтижесінде дайындалған. Тараптар бейбіт құжатты 2025 жылғы қазанда талқылай бастап, желтоқсанда ортақ келісімге келген.

«Ұсынылған келісім мұрагерлер мен мұраны орындаушылар кез келген талаптан босатылады», – делінген құжатта. Істі Нью-Йорк қаласында АҚШ Оңтүстік округының аймақтық соты қарап жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың басында АҚШ Әділет министрлігі Эпштейнге қатысы бар 3 миллионға жуық құжатты жариялаған. Файлдарда Қазақстанның бірнеше азаматының аты-жөні аталады.

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн  жыныстық қылмыстарға қатысты көптеген айыптармен 2019 жылғы 6 шілдеде екінші мәрте ұсталды. Сотталушыға 45 жыл түрме жазасын тартатын ауыр айыптар тағылды. 2019 жылы ол түрмеде өзіне қол жұмсады.

Сондай-ақ оқыңыз