Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға наурызға дейін уақыт берілді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ақпанның соңына дейін айыппұл төлемей шығуға болады/фото: kursiv.media мұрағаты

Кореяда жүрген қазақстандықтар ақпанның соңына дейін елден айыппұл төлемей шыға алады.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, Корея Республикасында заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарына мұндай жағдайда қайта кіруге тыйым салынбайды.

«Бұл мүмкіндікті азаматтар 2026 жылдың ақпанының соңына дейін қолдана алады. Бағдарлама 2025 жылдың желтоқсанынан бастап іске қосылған», – делінген ақпаратта.

Осылайша еңбек министрлігі Кореяның әділет министрлігімен келісіп, ерікті шығу бағдарламасының уақытын ұзартты.

«Бұл құқықтық салдарды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын азаматтарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама мәжбүрлі түрде депортациялауға жататын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға, сондай-ақ 2025 жылдың 1 желтоқсанынан кейін заңсыз мәртебеге ие болған шетелдіктерге қолданылмайды», – деп хабарлады министрлік.

Бағдарламаға қатысу үшін паспорт, ерікті шығу туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарландыру ұшу күніне 15-тен 3 күн қалғанға дейінгі аралықта Корея Республикасының көші-қон қызметтері арқылы берілуге тиіс.

Қазір 156,7 мың қазақстандық шетелде еңбек етіп жүр. Оның ішінде Оңтүстік Кореяда 15,2 мың адам бар.

Сондай-ақ оқыңыз