Мәсімовтің самурай қылышы жеті есе қымбат бағаға сатылды

Бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің самурай қылышы аукционда жеті есе қымбат бағаға өтті. Бұрынғы шенеунік мүлкіне алты адам таласты. Бұл туралы Kursiv.Media электронды сауда порталы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
20 ақпанда Sauda порталында арнайы қызметтің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тиесілі болған самурай қылышы сатылды. Жәдігерді ашық аукционға «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) шығарды.

Айтарлықтай тарихи құны жоқ қылыштың аукциондағы бастапты бағасы 461 312 теңге болған. Алайда қазір түрмеде отырған экс-премьердің мүлкіне талас болғанға ұқсайды: самурай қаруы жеті есе қымбатқа – 3 413 825 теңгеге сатылды.
Әзірге сауда хаттамасына қол қойылған жоқ. Суық қаруды кім сатып алғаны да белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, Мәсімовтен тәркіленген мүлік осымен екінші мәрте саудаланды. Өйткені бірінші аукционда жеңген адам қылыш құнын төлемей қойған. Сол себепті KUVA екінші мәрте сауда ұйымдастыруға мәжбүр болған.
Айта кетейік, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» екі күн бұрын – 18 ақпанда ескі Қазақстан шенеуніктері мен байларынан тәркіленген үш активті саудаға шығарған. Солардың біреуі ғана сатылып, екеуі өтпей қалған. Сатылмай тұрған қымбат мүліктердің арасында 214 млн теңгенің таунхаусы да бар.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында лауазымы жоғары қызметтер атқарған Кәрім Мәсімлв 2023 жылғы сәуірде 18 жылға сотталды. Сот арнайы қызметтің бұрынғы басшысын мемлекетке опасыздық жасады деп таныды.