
Қазақстандықтар телефон нөмірі арқылы 12 банк арасында ақша аудара алады. Бұл туралы Ұлттық төлем корпорациясы хабарлады.
Аталған жүйе Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі құрамдас бөлігі және бөлшек төлемдердің жеделдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін 9 банктің клиенттері телефон номері арқылы ақша аудара алса, солардың қатарына енді KMF Банк, Еуразиялық банк пен Bereke Bank қосылды.
Қазіргі уақытта жүйеде Банк ЦентрКредит, Фридом Банк Қазақстан, Қазақстан Халық Банкі, Bereke Bank, Bank RBK, Altyn Bank, Хоум Кредит Банк, Forte Bank, KMF Банк, Alatau City Bank, Еуразиялық банк және Nurbank бар.
Бұл жүйе арасындағы хабарлама алмасудың бірыңғай стандартын қалыптастыруға, транзакциялардың ашықтығын арттыруға және операциялық шығындар мен уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін банкаралық QR жүйесі 2026 жылдың І тоқсанында нақты жұмыс істей бастайтыны хабарланған. Бұл жүйеде әзірге Қазақстанның ірі 6 банкі бар. Олар: Halyk,, Freedom, RBK, Home Credit, БЦК, Altyn bank. Жыл соңына дейін тағы үш банк қосылады.