Жаңалықтар

Ерлан Нығматулиннің компаниялары акционер үлесіне шектеу қойылғанын жоққа шығарды

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бұрынғы сенатор Ерлан Нығматулинге тиесілі компаниялар сот Нығматулинге тиесілі үлеске шектеу қойғанын жоққа шығарды.

YDD Corporation, AsiaFerroalloys және Ekibastuzferroalloys компаниялар тобы осы мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Соған сәйкес, кәсіпкер Ерлан Нығматулин үлестеріне қатысты қандай да бір шектеу бар екені туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді.

Мәлімдемеде нақтыланғандай, мемлекеттік базаға ақпарат Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы қызметкеріннің жіберген қателігі салдарынан қате енгізілген. Тіркеуші орган бұл жағдайды ресми түрде растаған әрі жіберілген қателік үшін кешірім сұраған.

Компаниялар үлестерге ешқандай ауыртпалық салынбағанын мемлекеттік корпорация берген ресми анықтамалар да растайтынын атап өтті.

Бұған дейін Shishkin_like телеграм-арнасының редакциясы Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты былтыр жыл соңында кәсіпкердің төрт бірдей компаниядағы үлесіне шектеу қойғанын жазды.