
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Серік Оразғалиев «Өскемен халықаралық әуежайының» президенті ретінде 2025 жылы 38 млн теңге алған. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған. Бұл қаржыға оның жалақысы, бонустары, демалысақысы кіруі мүмкін.
Сонымен қатар ол «Астана-Тазалық» ЖШС атқарушы директоры қызметін атқарады. Одан бөлек, облыстық инфрақұрылымды және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылықты дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі.
Серік Оразғалиев әуежай президенті болып 2024 жылдың қыркүйек айында тағайындалған.
«Өскемен әуежайы» мемлекет меншігіндегі мекеме. Ол Шығыс Қазақстан облысының Қаржы басқармасына қарайды.
Кәсіпорынның аудиторлық есебіне сәйкес, әуежай 2023 жылды 181,8 млн теңге, ал 2024 жылды 91,1 млн теңге шығынмен аяқтаған.
Бұған дейін Семей әуежайына авиаотын бағасын көтергені үшін 8,8 млн теңге айыппұл салынған.