Өзбекстан тұңғыш ғарышкерін жалпыұлттық іріктеу арқылы таңдайды

Өзбекстанның Ғарышты зерттеу және технология агенттігі ел тарихындағы тұңғыш ғарышкерін жалпыұлттық іріктеу арқылы таңдамақшы. Бұл туралы агенттік директорының орынбасары Мұхиддин Ибрагимов мәлімдеді.
Іріктеуге қатысатын талапкерлерге қатаң талап қойылмақшы. Ибрагимовтың сөзінше, олардың денсаулығын, физикалық көрсеткіштерін, ғылыми білім және шет тілін білу деңгейін толық тексереді.
Іріктеуден өткен алғашқы өзбек ғарышкері ғарышқа 10-14 күнге ұшып барады. Ұшу бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды:
▪️ Медицина және биология – қашықтан диагностика жүргізу, сондай-ақ жергілікті дәрілік өсімдік сығындыларының тиімділігін зерттеу.
▪️ Өсімдік генетикасы – құрғақшылық пен тұзға төзімді жаңа сорттарды сынау, жабық агробиожүйелердің моделін жасау.
▪️ Материалтану – түрлі материалдар, маталар мен талшықтардың жылуды жинау және тарату қасиеттерін тексеру.
Іріктеуден өткен ғарышкерды дайындау қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Бірақ өзбек билігі оны елде де, шетелде де дайындықтан өткізбекші.
Айта кетейік, 2028 жылы Өзбекстан жасанды ғылыми спутнигін жасап, ұшыруды жоспарлап отыр. Және дәл сол жылы Самарқанд қаласында халықаралық ғарыш конгресін өткізбек. Ол жиынға АҚШ, Еуропа, Қытай, Үндістан, Ресей және басқа да елдердің жетекші ғарыш ұйымдары қызығушылық танытып отыр.