
Танымал әнші Қайрат Нұртас қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, марқұм Денис Теннің анасы Оксана Тенмен кездесті. Кездесу туралы әншінің өзі желіде жария етті.
Қайрат Нұртас шәкірттерінің дайындығын бақылап жүрген Оксана Тенді мұз айдынға іздеп барып, оған гүл сыйлап, алғыс айтты. Бұл сапар ол Михаил Шайдоровтың жеңісінен кейін ойына келгенін айтып, Шайдоровтың алтын медалінің бір себепкері Денис Тен екенін еске салды.
«Кешегі жеңістің бәрі бірінші бастаманы сол Денис жанның арқасы. Алғашқы қадамы болды. Ондай ұлды дүниеге әкелген сізге рақмет. Сіздің жақсы көреміз. Сіз біздің, бүкіл Қазақ елінің анасысыз», – деді Қайрат Нұртас.
Оксана Тен әншіге алғыс айтып, өзінің шәкірттерімен таныстырды. Оны Денис Теннің құрметіне ұйымдастырылатын шараларда өнер көрсетуге шақырды. Қайрат Нұртас «Денис үшін» кез келген шараға тегін қатысуға дайын екенін жеткізді.
«Келгеніңе, құттықтағаныңа рақмет. Уақыт тапқаныңа рақмет. Біздің Балуан Шолақ сарайында, Барыс аренада Денистің құрметіне шаралар ұйымдастырамыз. Сен сол шараға қатысып, өнер көрсетсең, біз үшін мәртебе болар еді», – деді Оксана Тен.
Бұған қоса, Денистің Қайрат Нұртастың өнерін, еңбекқорлығын құрметтегінін атап өтті. Ал әнші болса, өзінің сырт келбеті Денис ұқсайтынын сөз етті.
Айта кетейік, Денис Тен мәнерлеп сырғанау спортында Қазақстан атын әлемге танытқан спортшы. Ол Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. 2018 жылы көлігінің айнасын ұрламақ болған азаматтардың қолынан қаза тапты.
Михаил Шайдоровтың Милан Олимпиадасындағы алтын жүлдесінен кейін көптеген қазақстандықтар Денистің Алматыдағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоя бастады. Шайдоровтың өзі де бұл жеңіске жетуіне бір себепкер Денис болғанын айтқан еді.