Қоғамдық ұйымдар енді марапатты оңды-солды бере алмайды: заңға өзгеріс енгізіледі

Мемлекеттік наградаларға ұқсас төсбелгілерді тарату шектелуі мүмкін. Бұл жөнінде вице-премьер Серік Жұманғариннің депутаттарға берген жауабында жазылған.
Мемлекеттік және қоғамдық наградаларға қатысты депутаттық сауалға жауап берген Жұманғарин 2025 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді.
«Атап айтқанда қоғамдық бірлестіктерге, қоғамдық қорларға, басқа да үкіметтік емес ұйымдарға сыртқы түрі мен атауы мемлекеттік наградаларға толықтай немесе қандай да бір бөлігі ұқсас ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгілер мен оларға қоса берілетін құжаттарды тағайындауға және жасауға тыйым салу нормалары көзделді», – делінген жауапта.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқының немесе Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік емес наградалармен марапаттауға жол берілмейтінін жеткізген.
Мәдениет және ақпарат министрлігі елде тіркелген 20 мыңға жуық қоғамдық ұйымға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырғанын хабарлаған.
Даулы марапаттар тексерісі
Жауапта 2025 жылғы 24 желтоқсанда Алматыдағы Ұлттық кітапхана орталығында «Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Батыр Шапағаты», «Ел жанашыры» төсбелгілері және «Алтын адам» сертификаты мен статуэткасы табысталғаны анықталғаны айтылған.
«Ел жанашыры» төсбелгісін сату және тарату фактісі бойынша азамат Дидар Құйқабаевқа 2026 жылғы 23 қаңтарда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 674-бабының 2-бөлігі бойынша айыппұл салынған. Ал «Qazaqstan ardagerleri» бірлестігі табыстаған «Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісіне геральдикалық сараптама жүргізіліп жатыр.
Заңға өзгеріс енгізіледі
Вице-премьердің сөзінше, қазір министрлік «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарға өзгерістер енгізу бойынша жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.
«Ондағы нормалар қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық қорлардың, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың наградаларына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Заң қабылданған жағдайда қоғамдық бірлестіктер еліміздің және шетел азаматтарын қоғамдық ұйымдарға сіңірген еңбектері үшін ғана өздерінің наградаларымен марапаттауға құқылы болады», – делінген жауапта.
Ұсынылған нормалар қоғамдық ұйымдардың марапат беру тәртібін нақтылауға және талаптарды күшейтуге бағытталған. Егер заң қабылданса, қоғамдық бірлестіктер өз наградаларын тек сол ұйымға сіңірген еңбегі үшін ғана табыстай алады.
Еске салсақ, депутат Мақсат Толықбай Үкіметке жолдаған сауалында Қазақстанда атақ пен марапаттың заңсыз саудаға айналғанын айтып, бұл құбылыс қоғам үшін аса қауіпті екенін айтқан еді.