
Шымкентте сот мұғалімді ұрып-соққан ата-анаға үкім оқыды. Сот дерегіне қарағанда, оқиға 2025 жылдың қараша айында Тұран ауданындағы мектептердің бірінде болған.
Сынып жетекшісі 7-сыныпта оқитын оқушы бейәдеп сөз айтып, сабаққа келмей жүргенін жалпы чатқа жазған. Оны көрген анасы танысын ертіп мектепке келген. Мұғаліммен сөйлесу кезінде жанжал туып, айыпталушы жәбірленушіні итеріп, жұлқылап, ұрып-соққан. Сөйтіп мұғалімнің денсаулығына жеңіл дәрежелі зиян келтірген.
«Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 109-бабы 2-бөлігінің 4) тармағымен айыпталған. Олардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбамен және іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді», – деп хабарлады қалалық сот.
Жәбірленуші айыпталушыға кешірім бермеген. Айыпталушының бірі кінәсін толық мойындаған, ал екіншісі мойындамай, соттан өзін ақтауды сұраған. Сот екі сотталушыны кінәлі деп танып, әрқайсысына 400 мың теңге шамасында айыппұл салған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.