Спорт министрлігі Шайдоровтың дайындығына қанша ақша жұмсағанын жариялады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қоғамда қазір Милан Олимпиадасының чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михайл Шайдоровтың жеңісіне мемлекет қаншалықты үлес қосқаны жайлы әңгіме көп талқылана бастады. Туризм және спорт министрлігі осы тұста ресми түрде Шайдоровты даярлауға қанша ақша кеткенін жария етті.

Министрліктің мәліметінше, Олимпиадалық циклді оның мысалында талдай отырып, жоғары дәрежелі спортшыны қолдаудың барлық тетігі толық көлемде жұмыс істеген.

«Мәселен, 2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржы көлемі 263 394 581 теңгені құрады. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді. 2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС, федерация және әкімдік желісі бойынша) 33 989 000 теңгені құрады», – делінген хабарламада.

Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС және федерация желісі бойынша) 26 000 000 астам теңге болған. Хореограф И.В.Регинаның 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ және федерация желісі бойынша) 23 000 000 теңгені құраған. Қосымша түрде жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру және шығармаларға авторлық құқықтарды сатып алу шығындары да қаржыландырылған. Бұған дейін спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижесі үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленді.

Министрлік хабарлауынша, көшбасшы спортшыларды даярлау моделі оқу-жаттығу жиынынан бастап, ғылыми-медициналық қамтамасыз ету мен материалдық қолдауға дейінгі кешенді қағидатқа негізделген. Атаулы қаржыландыру тәжірибесі мемлекет тарапынан жүйелі тәсіл ретінде қалыптасып, отандық спортшылардың қысқы спорт түрлерінде әлемнің үздіктерімен тең дәрежеде бәсекелесуіне барлық қажетті жағдай жасалғанын көрсетеді.

Еске салайық, Қысқы Олимпиада да Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанып, елге 32 жылдан кейін Қысқы жарыстың алтынын әкелді. Осы жеңісі үшін әнші Димаш Құдайберген оған көлік, ал отандық құрылыс компаниясы үш бөлмелі пәтер сыйлады.

Шайдоров чемпион атанғаннан кейін оның бір кездері «Рамстор» сауда орталығындағы мұз алаңында жаттыққаны белгілі болды. Кейін республикалық, халықаралық жарыстарға қатыса бастаған соң Ресейге көшіп, сол жақтағы мамандармен бірге жұмыс істеген. Сенат кулуарында Спорт және туризм министрлігі бұл қалыпты тәжірибе екенін айтқан еді. Сонымен қатар KursivMedia тілшісі вице-министрден өңірлерде балаларды қабылдайтын мұз айдындары мен тиісті мамандар қаншалықты жеткілікті екенін сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз