
Түркістан облысында Бәйдібек ауданы білім бөлімінің қызметкерлеріне сот үкімі шықты. 18 адам бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырды деп айыпталған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, басшылар, бухгалтерлер және экономистер бірігіп, жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджет өтінімін негізсіз ұлғайтқан. Осылайша аудандағы 49 мектеп қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған.
«Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Іс жүзінде жұмыс істемеген адамдардың аты есеп парағына енгізілген немесе жалақы мен үстемеақы көлемі негізсіз өсірілген», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Сотталғандар қызметтік жазба, бұйрық, жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттарды пайдаланған. Кей құжат төлем жүргізілгеннен кейінгі күнмен рәсімделген.
Қаражат туыстары мен таныстарының шотына аударылған. Оларға алдын ала келісілген үлесін беріп отырған.
Мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеді.
Сот 14 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін облыстың Мақтаарал ауданында мүмкіндіктері шектеулі балалардың еміне бөлінген 85 млн теңгені қалтасына басқан оңалту орталығының директоры мен бухгалтері сотталды. Одан бөлек Мақтаарал ауданының Білім бөліміндегі 43 лауазымды тұлға мен қызметкер бюджеттің 2,4 млрд теңгесін қалтаға басқаны айтылды.