
Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығында 2,2 млрд теңгеге «Достық» үйі салынғалы жатыр. Өңірде түрлі ұлт өкілдері тұрады. Осыдан алты жыл бұрын – 2020 жылғы ақпанда Қордайда ірі ұлтаралық қақтығыс болған.
Тендер жарияланды
Жамбыл облысының әкімдігі Қордай ауылындағы «Батыс» тұрғын алабында «Достық» үйін салғалы жатыр. Құрылысқа 2 млрд 196 млн 609 мың теңге қарастырылған. Қаражатты мемлекет төлейді.
Бір күн бұрын – 19 ақпанда жобаны талқылау аяқталып, құрылыс компаниялары арасында өтетін тендерге өтініш қабылдау басталды. Ол 25 ақпанда аяқталады. Хабарландыру (16350220-1) «Мемлекеттік сатып алу» порталында жарияланды.
«Достық» үйі туралы
Өңірдегі түрлі ұлт өкілдерінің татулығын дәріптейтін орталық 2026 жылдың аяғы немесе 2027 жылдың басында ашылуы мүмкін. Жобаның техникалық сипаттамасында құрылысты аяқтауға 9 ай уақыт берілетіні айтылған.
Құрылыс жобасының өзі 2025 жылғы қазанның аяғында дайын болған. Жобаны, Қордай ауданы әкімдігінің тапсырысымен, «Кантри-М» компаниясы дайындаса, «Draft Expert» фирмасының мамандары бекіткен.

«Достық» үйі екі қабаттан тұрады. Бұған қоса, ғимаратқа үлкен күмбез орнатылады.
Құжаттарда аудан әкімдігі құрылыс үшін «Батыс» алабынан 1 гектар жер бөліп бергені айтылады. Ал құрылыстың өзі 2026 жылдың екінші тоқсанында басталады деп көзделген.
Тоқаев тапсырмасы
Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері көп шоғырланған өңірлерде достық үйлерін ашу туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. 2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында сөйлеген президент аз ұлттар мекендейтін аудандарға көңіл бөлген.
«Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын», – деп мәлімдеген Тоқаев.

Бұған қоса, мемлекет басшысы мұндай нысандарды туристік бағыттарға қосып, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын екі жылдың ішінде кеңейтуді ұсынған. Сонымен бірге, президент этникалық топтар тіліндегі баспасөзге қолдау көрсету қажеттігін атап өткен.
Қордай ауданы және аз ұлттар
158 мыңнан астам халқы бар Қордай ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Халықтың басым бөлігі қазақтар болғанымен, Масанчи, Сортөбе және Ауқатты ауылдарында негізінен дүнгендер тұрады.
Олар осы өңірге 140 жыл бұрын қоныс аударды. Халықтың жаппай көшуіне Қытайдың Шыңжаң өңірінде Дүнгендер көтерілісінің (1862–1877) жеңіліске ұшырауы себеп болды. Цин империясының әскері көтерілісті күшпен басып, қудалауға ұшыраған дүнгендер Қазақстан мен Қырғызстанға қарай қашуға мәжбүр болған.
Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендерден бөлек, орыстар, күрдтер, әзербайжандар, шешендер, қырғыздар, татарлар, немістер және басқа да халықтар тұрады.
Қордайдағы ұлтаралық қақтығыс
2020 жылғы ақпанда Қордай ауданында ірі ұлтаралық қақтығыс болып, соның салдарынан 11 адам қаза тапты. Жолдағы кикілжіңнің арты үлкен дауға айналып, бірнеше күннің ішінде Масанчи, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр, Қарасу және Қарасай ауылдарын жайылды.
7 ақпанда кешке жүздеген адам жиналып, дүнгендердің үйлерін, дүкендері мен көліктерін талқандады. Жанжалдан тоғыз дүнген, екі қазақ қаза тауып, 185 адам жарақат алды. Оның ішінде полицияның 19 қызметкері бар. Ауданда отыздан астам үй өртеніп, 23 автокөлік зақымданды.

Материалдық шығын 1,7 млрд теңгеге бағаланды. Қақтығыстар кезінде 23 мыңнан астам дүнген Қырғызстанға өтті.
Билік оқиғаны «қылмыстық топтардың әрекеті» деп атап, облыс әкімі мен полиция басшыларын қызметінен алды. 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, елуден астам адам сотталды.
Қордайдағы оқиғадан кейін Қазақстан үкіметі ұлтаралық тұрақтылық саясатын қайта қарай бастады.