Банк қызметкерінен қаржы магнатына дейін: Бақытбек Байсейітовтің байлығы қанша

Қазақстанның қаржы әлемінде ең ықпалды тұлғалардың бірі – Бақытбек Байсейітов. 68 жастағы кәсіпкер тек «Банк ЦентрКредит» акционері ғана емес, елдің ірі қаржы және индустриялық жобаларының артында тұрған стратегиялық тұлға.
Өмірбаяны мен еңбек жолы
Бақытбек Рымбекұлы Байсейітов 1958 жылы 14 мамырда Алматыда дүниеге келген. Әкесі Рымбек Байсейітов 1974-1985 жылдар аралығында Қазақ КСР-інің қаржы министрі қызметін атқарған. Ұлы да әке жолын жалғастырды. Баласының сапалы білім алуын қалаған ата-анасы оны әу баста Мәскеудегі қаржы институтына жібереді.
Алматы мен Мәскеуде қаржы саласында білім алып, мансабын Алматыдағы облыстық Мемлекеттік банктің бөлімінде бастаған. Кейін ол Жилсоцбанк КСРО-да жұмыс істеп, Алматы орталық кооперативтік банкті басқарды. Осыдан кейін Байсейітов Қазақ орталық акционерлік банкінің «Центрбанк» басқарма төрағасы және бақылаушы кеңестің төрағасы болды. Кейін бұл қаржы институты қайта құрылып, «Банк ЦентрКредит» болып аталды.
Мәскеудегі беделді оқу орындарында алған білімі мен студенттік байланыстары оның болашақ іскерлік мәмілелерінде шешуші рөл атқарды.
Негізгі актив – «Банк ЦентрКредит»
Қазіргі таңда Бақытбек Байсейітов «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы. Ол акциялардың 51,76%‑ына иелік етеді.
Байсейітов 1997 жылдан бері «БЦК» Директорлар кеңесінің төрағасы. Бірақ оның кәсіпорындағы үлесі ауық-ауық өзгеріп отырған. Мысалы, 2008 жылы 30,5% акциясын корейлік Kookmin Bank-ке 624 млн АҚШ долларына сатып жіберген. Осы мәміле нәтижесінде Байсейітов тіпті Forbes журналының әлемдік ең бай адамдар тізіміне кіріп, 701-орынға орналасқан.
Кейін корейлік қаржы институты «БЦК» акцияларындағы үлесін арттырғанымен, 2017 жылы барлық акцияларын Бақытбек Байсейітовке және Әділбек Жақсыбековтің отбасына қатысты компанияларға, яғни «Цеснабанк» пен «Цесна» қаржы холдингіне өте төмен бағада сатқан. Сарапшылардың айтуынша, негізгі себеп – корейлік инвестордың 8 жылда шамамен 800 млн доллар шығынға ұшырауы. Бұл көбінесе жаһандық қаржы дағдарысы мен теңгенің девальвациясына байланысты болған.
Мәміледен бірнеше ай өткен соң, Байсейітов, Ли және басқа миноритарлық акционерлер «Цеснабанк» пен холдингтің үлестерін қайта сатып алған. Кейінірек «БЦК» қалпына келтіру бағдарламасына қатысып, мемлекеттен 60 млрд теңге қарыз алған. Forbes.kz-тің 2024 жылғы мәліметі бойынша, банк мемлекетке 40 млрд теңге қарыз.
2022 жылы Бақытбек Байсейітов тағы бір маңызды мәміле жасады. «Банк ЦентрКредит» санкцияға ұшыраған ресейлік «Альфа-Банктің» қазақстандық еншілес ұйымын 50 млрд теңгеге сатып алды. Бұл келісім банк акцияларының өсуіне серпін беріп, бағасы 394 теңгеден 975 теңгеге дейін көтерілді. Нәтижесінде банк активтері шамамен екі есе артты.
2022 жылғы мамырда «БЦК» активтері 2,5 трлн теңге болып, нарықта 4-орында тұрса, 2023 жылғы қазанда көрсеткіш 4,8 трлн теңгеден асып, банк 3-орынға көтерілді. Акция бағасының қымбаттауы Байсейітов пен Владислав Лидің үлес құнын шамамен 65 млрд теңгеге ұлғайтты.
Ал 2025 жылдың тоғыз айында миллиардер Бақытбек Байсейітов мен Владислав Лиге тиесілі «Банк ЦентрКредит» 217,2 млрд теңге таза пайда тапты.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «БЦК» активтері 8,5 трлн теңгені құрап, елде 3-орында тұр (алдында – «Халық банкі» және Kaspi Bank).
- Несие портфелі – 4,7 трлн теңгеден асады
- Міндеттемелер – 7,7 трлн теңге
- Меншікті капитал – 810,5 млрд теңге
- 2024 жылғы таза пайда – 240,1 млрд теңге (+50%)
Байсейітовтің басқа да бизнестері
Бизнес-реестрлер дерегеніне сүйенсек, Байсейітов банк тобынан бөлек сегіз компанияның құрылтайшысы. Олардың қатарында туристік қызмет көрсететін International JET Tour, қаржы саласындағы Green Invest Group және Orient Invest Group бар. Соңғы екеуін оның қызы Күләш Байсеитова басқарады.
Сондай-ақ «Синергия» ғылыми-техникалық орталығы (несиелеу), «Атамекен» қаржы-өнеркәсіптік тобы (жылжымайтын мүлікті жалға беру) және «Банки Казахстана» журналы да Байсеитовке тиесілі құрылымдар қатарында. Екі компания – Finproject пен Petrogaz AG – қазір жұмыс істемейді.
2020 жылға дейін Байсейітовке АҚШ-та тіркелген мұнайсервистік Caspian Services Inc. компаниясының 88%-ы тиесілі деп көрсетілген. Компания Батыс Қазақстан мен Каспий теңізінде сейсмобарлау және геофизикалық қызметтер көрсеткен. 2008 жылы ол 30 млн доллар қарыз алған, ал 2011 жылы Байсейітов осы қарыз талаптарын сатып алып, негізгі кредиторға айналған. Қайта құрылымдау жағдайында оның үлесі 63%-ға дейін жетуі мүмкін екені айтылған.
Осылайша, оның іскерлік мүдделері банк секторынан бөлек қаржы, жылжымайтын мүлік және мұнайсервис салаларын да қамтиды.
Қаржылық капиталы
Forbes.kz-тің 2025 жылғы қазан айында ұсынған рейтингіне сүйенсек, Бақытбек Байсейітов Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесмендердің қатарына кірген. Ол бұл тізімде 12-орынға жайғасқан. Ал ең бай 75 бизнесменнің арасында 16-орында тұр. 2025 жылғы мәлімет бойынша оның байлығы 580 млн долларға жеткен.
Еске саласақ, осыған дейін құрылыс нарығының алпауыты – Александр Беловичтің және саясат пен ірі бизнесте ықпалды тұлға болған Нұрлан Қаппаров пен оның жары Гаухар Қаппарованың бизнестері жазған едік.