
Бүгін, 21 ақпан күні Алматыда қатты жел тұрып, табиғаттың тосын мінезі алматалықтарды әбігерге салды. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде түрлі видео роликтермен бөлісіп жатыр.
Куәгерлердің айтуынша, санаулы минуттардың ішінде қала іші күңіреніп, қарауытып кеткен. Мегаполис аспанын қалың бұлт торлап, жел екпінінің күшейгені соншалық, кей жерлерде қоршаулар құлаған.

Таулы аймақта жағдай одан да күрделі болды. Дауылды желдің екпіні ағаштарды құлатып, соның ішінде бір шырша жолдың үстіне құлап, «Шымбұлақ» бағытына баратын жолды жауып тастағаны хабарланды. Қолайсыз ауа райы «Медеу» спорт кешені маңында орын алды.
Куәгерлер әлеуметтік желілерде аспалы жолдан түсірілген бейнежазбаларды жариялауда. Онда қатты жел кезінде фуникулер кабиналарының қатты шайқалғаны анық көрінеді. Сондай-ақ терезе панельдерінің ұшып кеткені хабарланды. Дауыл кезінде кабиналар ішінде адамдар болған.
Сондай-ақ қала тұрғындары қалың тұман түскенін хабарлады, соның салдарынан көше шамдарының жарығы бұлдырап, ғимараттардың сұлбасын ғана қөру мүмкін болған.
Құзырлы мекемелерге зардап шеккендер туралы ресми ақпарат түскен жоқ. «Шымбұлақ» курортының әкімшілігі жағдайға және желіде тараған бейнекадрларға әзірге түсініктеме берген жоқ.