Қар, жаңбыр, боран, көктайғақ: 22 ақпанға ауа райы болжамы
Жарияланды

22 ақпан күні Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтілуде. Бұл туралы «Қазгидромет» баспасөз қызметі хабарлады.
Жарияланған жалпы болжамға сәйкес, жексенбіде ауа райына солтүстік-батыс циклоны және оған байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді.
«Солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер Қазақстанның көп бөлігінде әсерін сақтайды. Қар, жаңбыр, боран, көктайғақ күтіледі, ал елдің солтүстігі мен солтүстік-батысында қалың қар жаууы мүмкін», – делінген хабарламада.
Жаңбыр мен қардан бөлек республика аумағында тұман болып, жел күшейеді деп болжануда.
Еске салсақ, 21 ақпанда Алматыда қолайсыз ауа райы орын алды. Қала үстін қалың бұлт торлап, қатты жел соқты.