Chevrolet пен Lexus ең сенімді автокөліктер тізіміне енді

Автокөліктердің сенімділігі үшінші жыл қатарынан төмендеп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша анықталған ақаулар саны ең жоғары деңгейге жетті. Жүргізушілер ең көп ақпараттық жүйелері мен автокөліктердің сыртқы дизайнына шағымданады. Мұндай қорытынды JD Power Vehicle Dependability Study 2026 есебі негізінде жасалып отыр.
Үш жыл бойы бір көлікті тізгіндеген 33 мыңнан астам автокөлік иелері сауалнамаға қатысқан.
Жаппай нарықтағы ең сенімді автокөліктер ретінде Buick, Mini және Chevrolet танылды. Ал премиум-класс автокөліктерінің ішінде кемшілігі аз көлікке Lexus, Cadillac және Porsche енді.
«Биылғы жылдың нәтижелері 2022 жылы Vehicle Dependability Study жүйесі жаңартылғаннан бері тіркелген ең көп ақаулар санын көрсетеді. Бұл соңғы үш жылда автокөліктердің сенімділігінің жалпы сала бойынша төмендеу тенденциясын айқын көрсетеді. Зерттеуге кірген тоғыз категорияның ішінде ең көп мәселе ақпараттық-көңіл көтеру жүйесінде тіркелді (100 автокөлікке 56,7 шағым), одан кейін сыртқы келбеті (100 автокөлікке 27,5 шағым)», – делінген JD Power есебінде.
Зерттеу көрсеткендей, премиум-сегменттегі автокөліктерде де ақаулар саны артқан. Екі жыл бойғы тұрақтылықтан кейін премиум-класс көліктеріндегі ақаулар 100 автокөлікке шаққанда 217-ге жетті (+8), бұл 2022 жылдан бері ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Премиум-санат пен жаппай нарықтағы автокөліктер арасындағы айырмашылық 100 автокөлікке 17 шағымға дейін өсті. Премиум көліктері зерттелген тоғыз категорияның жетісінде жаппай нарықтағы көліктерден төмен нәтиже көрсетті. Әсіресе «функциялар, басқару, дисплейлеріне көңілден шықпаған.
Тек «қозғалтқыш жүйесі» мен «орындықтар» категориясында премиум автокөліктер жақсы нәтиже көрсетті.
Айта кетейік, көлік сатылымы жағынан жоғары нәтижеге жеткен Өзбекстан «Шевролестан» атанды. 2025 жылы бұл елде 433 мың көлік сатылған, бұл көрсеткішті Бельгия мен Нидерланды деңгейімен салыстыруға болады.