Жаңалықтар

Қазақстан экономикасы мықты 50 елдің қатарына ілікті

Фото: kursiv.media архиві

2026 жылы Қазақстан жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бойынша әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кірді. Бұл туралы Visual Capitalist сараптамалық платформа жариялаған рейтингте көрсетілген.

Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2026 жылы әлемдік экономиканың көлемі 123,6 триллион долларға жетеді. АҚШ экономикасы 31,8 трлн долларға дейін өсіп, көшбасшы орынын ссқтап қалады. Ал Қытайдың ЖІӨ-і 20,7 трлн долларға жетеді. 2021 жылдан бері АҚШ пен Қытай өз экономикаларының жалпы көлемін сәйкесінше шамамен 9 трлн және 4 трлн долларға арттырды. Үштікке Германия да кіреді.

Болжам бойынша Үндістан төртінші орынға көтеріліп, Жапонияны басып озады. Елдің нақты ЖІӨ өсімі 6,2 пайызға жетеді деп болжануда. Бұған дейін Үндістан экономика көлемі бойынша Ұлыбританияны да артта қалдырған еді.

Сонымен қатар, Австралия Оңтүстік Кореяны ығыстырып, әлемнің ірі экономикасы рейтингінде 14-орынға шығады. Бангладеш экономикасының 4,9 пайызға өсуі нәтижесінде Вьетнамды басып озып, 33-орынға көтерілмек.

Қазақстанның номиналды ЖІӨ-і 2026 жылы 320 млрд доллар деңгейінде болжануда. Еліміз әлемнің ірі 50 экономикасы рейтингісінде 50-орында тұр.

Айта кетейік, Қазақстан былтыр жүргізілген реформалардың арқасында экономиканың орнықты өсімін сақтап қала алды. Құндық мәнде ЖІӨ-нің өсуі 20,1 млрд долларға жеткен.Жалпы ЖІӨ өсімі 6,5% құрады.