Lifestyle

Қазақстандық ерлер хоры Ресейдегі вокалдық шоуда екінші орын алды

Ұжым домбыраның сүйемелдеуімен Linkin Park Numb хитін орындады / Фото: instagram.com/ulttyq_ulan_choir, билд-редактор: Адэлина Мамедова

Ұлттық ұлан Ән және би ансамблінің ерлер хоры ресейлік «Ну-ка, все вместе! Хором!» вокалдық шоуының үшінші маусымына қатысып, 100 дауыстың 90-нын жинап, екінші орынға ие болды.

Ұжым Linkin Park тобының әйгілі Numb хитін орындады. Ән домбыран сүйемелдеуімен шырқалып, рок-классикаға жаңа, жылы әрі қазақы музыкалық дәстүрмен үндес ерекше реңк берді.

Өнер көрсетер алдында қатысушылар өз ұжымын таныстырды.

«Біз Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Ән және би ансамблінің ерлер хоры. Біздің ұжым еліміздегі алғашқы кәсіби ерлер хоры. Биыл біз үшін мерейтойлы жыл. Хорымызға 10 жыл толды».

Музыканттар Қазақстанның көпұлтты ел екенін атап өтіп, хор әлемнің 15-тен астам тілінде, соның ішінде қазақ, орыс, өзбек және басқа да тілдерде ән орындайтынын жеткізді.

Сондай-ақ хор өнерпаздары әскери ұжым ретінде халықаралық делегациялар алдында жиі өнер көрсететіндерін, арнайы концерттік бағдарламалар дайындайтындарын айтты. Өткен жылы олар 16 мемлекеттің президенттері қатысқан саммитте өнер көрсеткен. Қатысушылар жүздеген кәсіби музыканттың алдында сахнаға шығу өздері үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін жасырмады.

«Осындай керемет жобаның бір бөлігі болғанымызға шексіз қуаныштымыз. Бұл біздің арманымыз», деп түйіндеді олар.

Өнер көрсету қорытындысы бойынша ұжым 100 мүмкін дауыстың 90-ын жинап, көшбасшылар үштігінде екінші орынға тұрақтады.

«Бұл мықты, ер-азаматқа тән, эмоцияға толы орындау болды», деп бағалады қазылар алқасының төрағасы Николай Басков.

Шоудың екінші маусымының жеңімпазы Дмитрий Железнов ұжымның энергетикасын ерекше атап өтті.

«Құрметті жігіттер! Қандай керемет энергия! Сіздер нағыз мықтысыздар! Браво!», деді Железнов.

Сонымен қатар ол кәсіби тұрғыда бірнеше ескерту жасады, төменгі дауыстардың интонациясы анығырақ болғаны жөн екенін, кей тұстарда ұсақ кемшіліктер байқалғанын айтты. Алайда нөмірдің соңында әдемі академиялық, жарқын дыбыс шыққанын, осы бағытты әрі қарай дамыту керектігін жеткізді.

Ресей Әуе-десант әскерлерінің Ән және би ансамблінің солисі Максим Пейчев өнер көрсетуді «жай ғана супер» деп бағалап, аспапшыны бөлек атап өтті:
«Аспапшы — нағыз керемет! Жігіттер, өнерлеріңіз үшін үлкен рақмет!».

Фолк-орындаушы Ольга Бурлуцкая хордың өнеріне жоғары баға берді.

Әнші, жобаның бірінші маусымының финалисті Дарья Храмова ән таңдаудың тосын әрі батыл болғанын және орындалу деңгейінің биіктігін атап өтті.

«Бүгін сіздер бұл жетістікті міндетті түрде атап өтулеріңіз керек. Елдегі ең үздік шоуда, ең үздік арна эфирінде осындай жоғары ұпай жинадыңыздар. Шын жүректен құттықтаймын!», деді ол.

«ИКС-Миссия» тобының солисі Валентин Форостяный таңдалған туындының күрделілігіне тоқталды. Оның айтуынша, Linkin Park тобының түпнұсқасында қайырма бірнеше дауыс қабаттасуы арқылы жазылып, қуатты екпін әсерін береді, ал мұндай динамиканы тірідей орындау оңай емес. Соған қарамастан, ұжым бұл міндетті еңсере алғанын айтты.

Маусымның шақырылған жұлдызды сарапшысы Надежда Бабкина ерлерге тән қуат пен ішкі күшті ерекше атап өтті. Оның сөзінше, нөмірдің соңында бастапқыда жетіспеген сенімділік пен батылдық айқын сезілді.

«Сахнада сіздерден ерлер энергиясы, ішкі күш анық байқалды. Сіздер ғажайып халқы бар айрықша республиканың рухын, күш-жігерін көрсеттіңіздер. Шығарма қиын ба? Иә. Орындау оңай ма? Жоқ. Бірақ сіздер мұны жасадыңыздар. 90 ұпай — бұл үлкен табыс. Құттықтаймын», деді ол.

Сергей Лазарев ұжымға Ресейде өз елін таныстырып жүргені үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, батырманы басып қолдау көрсетуге аз ғана нәрсе жетпей қалған. Нөмірдің басында сәл қысылу мен ортақ дыбысты іздеу байқалғанымен, орындау барысында хор бірігіп, тұтас естілгенін айтты. Тағы бір минут болғанда нәтиже өзгеруі мүмкін еді деп, ұжымды жоғары ұпаймен құттықтады.

Айта кетейік, «Ну-ка, все вместе! Хором!» жобасының үшінші маусымының жеңімпазы шоу Кубогы мен 5 млн рубль көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болады.

Сондай-ақ Linkin Park тобының аңызға айналған Numb хитіне жасалған кавер Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Ән және би ансамблінің ерлер хорының орындауында алғаш рет шырқалып отырған жоқ. Өткен жылдың желтоқсан айында олардың бұл орындауы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қазақстандық интернет кеңістігінде қызу талқыланған еді.