Жаңалықтар

«Олар Донбасты талап етіп отыр»: Зеленский АҚШ пен Ресейдің ұстанымы туралы айтты

зеленский
Фото: Shutterstock

Владимир Зеленский Ресей мен АҚШ Украина қақтығысты реттеу үшін Донбасс аумағынан әскерін шығаруы керек деген талап қойғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол AFP агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Зеленскийдің сөзінше, екі тарап та соғысты тез аяқтау үшін Киев өңірден бас тартуы тиіс екенін аңғартып отыр.

«Америкалықтар да, ресейліктер де егер соғыстың ертең аяқталғанын қаласаңдар – Донбастан кетіңдер дейді», – деді ол.

Аумақтық мәселе АҚШ-тың делдалдығымен Мәскеу мен Киев арасында жүріп жатқан атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде негізгі тақырып болып қала береді. Украина мұндай талаптарды қабылдамайды және қазіргі майдан шебін бекітуді талап етеді. Сонымен бірге Ресейге жаңа аумақтарды беру мәселесі мүлде қарастырылмайды.

«Украинская правда» басылымының жазуынша, Зеленский Мәскеумен келіссөз жүргізудің өзін Киев тарапынан жасалған ымыра деп атады. Ол Ресей Украина аумағының шамамен 20 пайызын бақылап отырғанын атап өтті, алайда Украина «қай жерде тұрсақ, сол жерде тұрамыз» қағидаты негізінде бейбітшілікті талқылауға дайын екенін айтты.

«Қай жерде тұрсақ, сол жерде тұрамыз – бұл үлкен ымыра. Олар біздің аумағымыздың шамамен 20 пайызын басып алды. Ал біз қазірдің өзінде бейбітшілікті «қай жерде тұрсақ, сол жерде тұрамыз» қағидаты бойынша талқылауға дайынбыз. Бұл – үлкен ымыра», – деп атап өтті ол.

Президент Киев «нақты ымыраларға» дайын екенін, алайда елдің тәуелсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіретін шарттарға келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеу ұсынып отырған талаптарды ымыра деп санауға болмайды.

Бұған дейін, 18 ақпанда, Женева қаласында Украина, Ресей және АҚШ арасында үшжақты келіссөздер өтті. Кездесу қорытындысы бойынша, Владимир Зеленский мәлімдегендей, тараптар атысты тоқтату режимін бақылау АҚШ-тың қатысуымен жүзеге асырылатын болып келіскен.

Сонымен қатар Зеленский Ресейдің соғысты аяқтауға мүдделі екенін мәлімдеді.