
World Boxing Organization (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын мелдонийге тапсырған допинг-сынағы оң нәтиже көрсеткені үшін бір жылға жарыстардан шеттетті. Бұл туралы Brunch Boxing хабарлады. Дегенмен қазақстандық боксшының чемпиондық титулы өзінде сақталады.
Дисквалификация мерзімі ішінде Әлімханұлына кәсіби және көрме жекпе-жектеріне қатысуға тыйым салынады. Дивизиондағы бәсекені тоқтатпау үшін WBO уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуге санкция берді. Онда рейтингтің бірінші нөмірі Дензел Бентли мен екінші нөмірі Энди Сааведра кездеседі.
Шеттету мерзімі аяқталған соң қазақстандық боксшы уақытша чемпион атағын иеленген спортшымен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс. Осы шешімге дейін аралық айқастар өткізуге WBO рұқсат бермейді. Талап бұзылған жағдайда қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін.
WBO президенті Густаво Оливьеринің айтуынша, Чемпиондық жекпе-жектер комитетінің шешімі бірауыздан қабылданған. Дисквалификация 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Толық қорытындылар мен шарттар көрсетілген ресми құжат кейінірек жарияланады.
Шеттету 15 қарашада Калифорнияда алынған допинг-сынақтың оң нәтижесіне байланысты болды. Сынама Voluntary Anti-Doping Association (VADA) тарапынан, Эрисланди Ларамен 6 желтоқсанға жоспарланған WBA чемпионына қарсы біріктіру жекпе-жегіне дайындық кезеңінде алынған. Мелдоний 2016 жылдан бері World Anti-Doping Agency (WADA) тыйым салған заттар тізіміне енгізілген.
Осыған дейін Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына байланысты оның менеджері Берік Сұлтан ресми мәлімдеме жасаған еді. Менеджердің айтуынша, алынған сынамадан тыйым салынған заттың табылғаны өкінішті жағдай болғанымен, бұл нәтижеге басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.