
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының гала-концертінде өнер көрсетті.
Әлемге танымал актер Джеки Чан қолына ойыншық панда ұстап шығып, Михаил Шайдоровты құттықтап, қазақстандық спортшыны таңырқатты.
Михаил Шайдоров гала-кеште «Кунг-фу Панда» мультфильмінің кейіпкері образында өнер көрсетті. Костюмі ауыр әрі қорбиған еді. Бұған қарамастан, Шайдоров бірнеше секіру элементін сәтті орындады. Өнер көрсеткеннен кейін оны мұз айдыны жиегінде аты аңызға айналған актер Джеки Чан қарсы алды. Актердің қолында ойыншық пандалар болды, ол спортшыны өнерімен құттықтады.
Жарияланған фотолардан Михаил Шайдоровтың өнері Джеки Чанға ерекше ұнағаны көрінеді. Бағдарламадан кейін кино және спорт жұлдызы жылы жүзбен амандасып, құшақтасып, бірге фотоға, видеоға түскен.
Айта кететін жайт, Миланда қазақстандық спортшы танымал америкалық рэпер Snoop Doggпен кездескен болатын.
Шайдоров Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алғашқы алтын.