
22 ақпанда Алатаудағы Титов асуында 3400 метр биіктікте төрт адамнан тұратын топтағы екі турист қар астында қалып қойды. Олардың біреуі қаза тапты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қар астында қалған екі туристің бірі өздігінен шыға алған, ал екіншісі сол жерде жан тапсырған.
Құтқарушылар қаза тапқан адамның денесін қардың астынан алып шыққанын 23 ақпанға қараған түні хабарлады.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен құтқару қызметінің психологтары жұмыс істеді. Іздестіру-құтқару операциясы барысында ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылды.
Титов асуы теңіз деңгейінен 3600-3650 метр биіктікте орналасқан. Іле Алатауында туристер көп баратын жер. Асудың арғы жағында Тұйық Су және Титов шыңы жатыр. Қаладан асуға дейін 10-12 сағатта көтерілуге болады.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі қар көшкіні болуы мүмкін екенін бірнеше мәрте ескерткен.