«Ауру» фильмі стриминг платформаларына шығады

Жарияланды 23 Ақпан 2026 10:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Ауру
«Ауру» фильмі премьерадан кейін цензураға ұшырады / Фото: Freedom Ticketon

2025 жылдың ең шулы әрі резонансты туындыларының бірі – «Ауру» фильмі енді онлайн форматта көрерменге жол тартады. Кинотеатрларда үлкен қызығушылық тудырған бұл драма 25 ақпаннан бастап еліміздің ең танымал стриминг платформаларында шығады.

Сюжет: Жалған қайырымдылық пен моральдық құлдырау

Фильмнің оқиғасы қарызға белшесінен батқан Азамат пен Таңшолпан есімді жас жұбайлардың айналасында өрбиді. Тығырықтан шығар жол іздеген Азамат сұмдық айла ойлап табады. Әйелін «айықпас дертке шалдықты» деп жариялап, емделуге ақша жинауды ұсынады.

Бастапқыда бәрі ойдағыдай жүреді. Жалған талдаулар, мүсіркеу тудыратын видеолар мен халықтың жанашырлығы оларға оңай олжа әкеле бастайды. Алайда ақшаның буы мен оңай келген табыс, көпшіліктің назары ерлі-зайыптыларды еліктіріп әкетеді.

Фильмнің атауы кейіпкердің ойдан шығарылған дертін ғана емес, бүгінгі қоғамның дертін – ашкөздік пен жалған қайырымдылықты меңзейді. Желідегі жасанды аяныш тудыру арқылы ақша табу мәселесін ашық көрсеткен туынды көрерменді терең ойға қалдырады.

Қайдан көруге болады

25 ақпаннан бастап фильмді келесі платформалардан тамашалай аласыздар: Freedom Media (@fmedia.kz), Кинопоиск (@kinopoisk.kz), Unico Play (@unico_play), ИВИ (@ivi_kazakhstan)

Еске сала кетейік, бұл туынды кинопрокатта цензураға ұшырағанына қарамастан, 1 млрд астам касса жинаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз