«Ауыруға уақыт жоқ»: ОРК төрағасы әріптестеріне кеңес берді

Астанада Орталық референдум комиссиясының отырысы өтіп жатыр. Жиын барысында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірлердің референдум өткізуге дайындығын сұрады.
Өңір әкімдіктері аппаратының қызметкерлері жиынға онлайн қатысып отыр.
«Мына жерде комиссия мүшелерінің екеуі медициналық маска тағып алыпты. Денсаулықты қараңыздар, ауыруға болмайды. Алматы сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Халықова, сізге айтып отырмын. Біз уақыт жақындаған кезде бас дәрігерді инфекция және тағы басқа сұрақтарға байланысты арнайы тыңдаймыз. Қазір кездесулеріңіз бар, ауыруға уақыт жоқ», – деді Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейік, Алматыда референдумға қатысуға құқылы 1 млн 311 мың адам бар. Қалада 232 801 студент кәмелет жасына толған. Алайда тек 85 мың студент қана тізімге енген. Қалғаны өзге облыстардан немесе шетелден келген.