BAFTA-2026: Путин туралы деректі фильм үздік атанды

Жарияланды 23 Ақпан 2026 09:50

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: BBC.com

Британдық кино және телевизия өнері академиясы (BAFTA) биылғы жылдың жеңімпаздарын анықтады. Салтанатты шараның басты жұлдызы режиссер Пол Томас Андерсонның «Шайқас артынан шайқас» (One Battle After Another) туындысы болса, деректі фильмдер санатында күтпеген жеңіс тіркелді.

Шайқас артынан шайқас

Пол Томас Андерсонның жаңа туындысы 14 номинацияның ішінен 6 марапатты жеңіп алып, жылдың үздік фильмі атанды. Басты рөлді Леонардо Ди Каприо сомдаған бұл драма маскүнемдікке салынған бұрынғы революционердің хикаясын баяндайды.

Фильм келесі номинациялар бойынша үздік болды:

  • Үздік фильм;
  • Үздік режиссер (Пол Томас Андерсон);
  • Екінші пландағы үздік актер (Шон Пенн);
  • Үздік монтаж, үздік операторлық жұмыс және үздік бейімделген сценарий.

Режиссер Андерсон марапатты алған сәтте:

«Киноның болашағы жоқ дейтіндердің сөзіне сенбеңіздер. Қорықпай фильм түсіре берейік!» – деп әріптестерін жігерлендірді.

Айта кетейік, бұл туынды «Алтын глобусты» да жеңіп алған. Сондай-ақ, алдағы «Оскар» бәйгесінде басты үміткерлердің бірі.

«Белгісіз мырза Путинге қарсы»

«Үздік деректі фильм» номинациясында уралдық география мұғалімі Павел Таланкин мен американдық Дэвид Боренштейннің «Белгісіз мырза Путинге қарсы» (Mr. Nobody Against Putin) лентасы жеңіске жетті.

Фильм Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейінгі мемлекеттік пропаганданың жұмысын іштен көрсетеді. Таланкин мектепте жұмыс істеп жүріп түсірген кадрларын елден жасырын алып шығып, шетелде монтаждаған.

Марапаттау рәсімінде Боренштейн:

«Қаншалықты қараңғылық орнаса да, әр адамның алдында әрқашан моральдық таңдау тұрады», – деп атап өтті.

Бұл санатта украиналық режиссер Мстислав Черновтың «Андреевкаға дейінгі 2000 метр» фильмі де бақ сынаған.

Басқа да айтулы жеңімпаздар

Биылғы BAFTA бірнеше тосынсыйлармен есте қалды:

  • «Мен ант етемін» (I Swear): Туретта синдромымен күрескен белсенді Джон Дэвидсон туралы бұл фильмде басты рөлді сомдаған Роберт Арамайо Леонардо Ди Каприо мен Тимоти Шаламені басып озып, «Үздік актер» атанды.
  • «Күнәһарлар» (Sinners): 1930-жылдардағы вампирлер туралы қорқынышты фильм 3 марапатқа ие болды. Вунми Мосаку екінші пландағы үздік актриса атанса, фильм үздік сценарий мен музыка үшін де марапатталды.
  • «Франкенштейн»: Гильермо Дель Тороның Netflix үшін түсірген туындысы визуалды эффектілер мен костюм дизайны бойынша 3 жүлдені алды.
  • «Гамнет»: Хлоя Чжаоның Шекспирдің ұлы туралы туындысы 3 номинацияда жеңіске жетті. Джесси Бакли Агнес Шекспир рөлі үшін «Үздік актриса» атанды.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ киноакадемиясы «Оскар» сыйлығына үміткерлер тізімін жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз