
Алматы әкімдігінің Құрылыс басқармасы Жазушылар үйін жаңартпақшы. Бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге бөлінген деп хабарлайды Kursiv Media.
Құжат мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған. Тапсырыс беруші – Алматы қаласы әкімдігінің Құрылыс басқармасы, ал тапсырысты орындаушы – «Отау Құрмет» ЖШС.
Негізгі келісімшарт 2025 жылы мамырда жасалып қол қойылған. Ол жерде қайта жаңартуға 1,7 млрд теңге бөлінді деп көрсетілген (оның ішінде ҚҚС 191,1 млн теңге). Жұмыс келісімшартқа қол қойған күннен бастап 8 ай ішінде аяқталуы керек еді. Яғни 2026 жылдың ақпанында біту керек болған.
Бірақ бастапқы құжатқа екі рет өзгеріс енгізілген. Соңғысы – 2026 жылдың 19 ақпанында жасалған. Оған сәйкес бастапқы 1,7 млрд теңге деген сома 1,8 млрд теңгеге көбейген. Себеп жаңа Салық Кодексіне байланысты ҚҚС мөлшері 191,1 млн теңгеден 226,4 млн-ға дейін өскен. Осыған байланысты бастапқы бюджет те артып отыр. Бұл келісім-шарттың орындалу мерзімі 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылған.
Қаржыландыру үшке бөлініп беріледі:
- 2025 жыл – 795 000 000 теңге
- 2026 жыл – 989 038 202,53 теңге
- 2027 жыл – 35 322 792,94 теңге бөлінеді.
Миллиардтарды игеруші кім
Жазушылар одағы – 1970-75 жылдар аралығында салынған тарихи-мәдени нысанның бірі. Үш қабатты ғимарат, аумағы – 2000 шаршы метр. Акт залына 300-ге жуық адам сыяды.
Техникалық талап бойынша, осы ғимараттың қабырғаларын күшейту көзделген.
- Қазіргі кірпіш қабырға сыртынан арматуралық тормен қаптау қажет,
- жапсарлас етіп лифт шахтасын салу қарастырылған.
- Қолданыстағы шатырды демонтаждап, тегіс шатырды қалпына келтіру керек
Инженерлік желілер мен жүйелерін жаңартып, вентиляция мен өртке қарсы жүйелер орнату керек. Бейнебақылау жүйесі орнатылады.
Сондай-ақ тапсырыс орындаушы ғимаратқа кедергісіз кіру үшін пандустар, тактильді плиткалар және арнайы жолдар салуға тиіс. Ғимарат айналасына қылқан жапырақты бұталар отырғызып, газон салып, көгалдандыру алаңын барынша ұлғайту керек.
Жобаның мердігері – «Отау Құрмет» ЖШС. 2009 жылы тіркелген, құрылыс-монтаждау, инженерлік желілер, абаттандырумен айналысатын мекеме. Құрылтайшысы ретінде Аманбаева Лаура есімді кәсіпкер көрсетілген. Былтыр Алатау ауданындағы 200 орындық дәрігерлік амбулаторияның құрылысына да қатысқан.
Қызығы, осыдан бес жыл бұрын Жазушылар одағы қайта жөндеуден өткен. Алматы әкімі болған Бақытжан Сағынтаев 2020 жылы желтоқсанда жөндеу жұмысының қорытындысымен танысып қайтқан. Сол кезде шатыр, электрмен жабдықтау және жылыту жүйелері ауыстырылып, ішкі әрлеу жаңартылды деп хабарланған еді.
Ал былтыр желтоқсанда қаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды Алматыда бірнеше нысанға қайта жаңғырту жүргізілетінін айтқан. Оның ішінде Жазушылар үйі де болды.