
Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы талқыланып, жыл басынан бері ең жоғары өсім тіркелген өңірлер белгілі болды.
Баға ең көп өскен өңірлер
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (2%) тіркелген. Одан кейін Түркістан облысы (1,4%) аталды.
Маңғыстау облысында қызанақ, сиыр еті, айран, сары май, картоп және бірқатар басқа өнімдер қымбаттаған. Сарапшылар баға өсімін өңірде көкөніс өндірісінің жоқтығымен, күрделі логистикамен және импортқа тәуелділікпен байланыстырады. Сонымен қатар тұрақтандыру қорлары арқылы өнім сату қарқыны жеткіліксіз жүргізіліп отыр.
Түркістан облысында баға өсімі салыстырмалы түрде төмен. Мұнда жұмыртқа, сүт, көкөніс және ет өндіретін ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірдегі негізгі өндірушілердің баға өсіру себептерін егжей-тегжейлі талдап, Сауда комитетіне және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп тұрақтандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.
Тұрақтандыру қорындағы көкөніс
Вице-премьер Серік Жұманғарин барлық өңірлерге наурыз айының соңына дейін тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қорын толық өткізуді тапсырды.
«Апта сайын біз баға өсімі тіркелген өңірлерді мақсатты түрде қараймыз. Сауда комитеті жеткізу арналары мен әрбір әлеуметтік өнімді сату кезеңіне дейінгі бүкіл тізбекті жедел талдап, қымбаттаудың қай кезеңде туындайтынын және орталық деңгейде қандай шаралар қажет екенін анықтауы тиіс. Өңірлер баға өсімінің себептерін жедел анықтап, тиісті шешімдер қабылдауға міндетті», – деді Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне наурыздың екінші жартысынан бастап ерте пісетін көкөністердің жеткізілуін қамтамасыз ету жүктелді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қазақстандықтардың тапқан табысы негізінен күнделікті тұтынушылық шығындарды жабуға жұмсалады. ҚДКБҚ мәліметіне сәйкес, халық шығынының 92%-ы тұтынушылық мақсаттарға бағытталса, оның жартысынан көбі (52,3%) тек азық-түлік өнімдерін сатып алуға кетеді.
Мұның алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасады. Ол қасиетті Рамазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жеңілдік жасап, арзандатуға шақырды.