Жаңалықтар

Мемлекет «Атырау» футбол клубын 175 млн теңгеге сатылымға шығарды

«Атырау» футбол клубы сатылады / фото: instagram

Футбол клубтарын жекешелендіру толқыны Атырау өңіріне де жетіп, мемлекет меншігіндегі «Атырау» футбол клубы ресми түрде саудаға шығарылды.

Бағалаушы мамандар клубтың нарықтық құнын 250,8 млн теңгеге, ал активтерінің баланстық құнын 153,6 млн теңгеге бағалағанымен, лоттың бастапқы бағасы 175,6 млн теңге болып белгіленді.

2026 жылдың 10 наурызына жоспарланған бұл сауда-саттыққа қазірдің өзінде өтінімдер қабылдау ашық, тіпті ережеге сәйкес клубты жалғыз қатысушының сатып алуына да рұқсат етілген.

Алайда «Атырау» клубының жаңа қожайынына қаржы шығыны ғана емес, сонымен бірге тарихи клубтың болашағына қатысты қатаң міндеттемелер жүктеледі.

Сатып алушы тарап құны 1 млрд теңгеден кем түспейтін заманауи футбол академиясын салып, оны жаттығу алаңдарымен және 50-ден астам спортшыға арналған жатақханамен жабдықтауға тиіс.

Сонымен қатар инвестор алдағы үш жылда клуб ішінде 1000-нан астам адамның білім алуын қамтамасыз етіп, жергілікті футболшыларды тәрбиелеуге және стадион мен жаттығу нысандарын тиісті деңгейде ұстауға міндетті болады.

Ең бастысы, 1980 жылы негізі қаланған бұл клубтың тарихи атауы, дәстүрлі түстері мен эмблемасы өзгеріссіз сақталуы шарт.

Бұған дейін бірнеше футбол клубы жекеге өткен. 2025 жылдың қарашасында қарағандылық «Шахтер» клубын бизнесмен Тимур Турлов 55,3 млн теңгеге иеленсе, биылғы қаңтарда «Ақтөбе» клубын кәсіпкер Нұрлан Артықбаев 364 млн теңгеге сатып алған болатын.

Жақында кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп те Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының иесі атанды.