«Отбасы банк» үй кезегінде тұрғандарды жеке деректерін жаңартуға шақырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Отбасы банк» клиенттеріне үндеу жасады Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Отбасы банк» баспана кезегінде тұрған азаматтарға өз мәліметтерін шұғыл жаңартуды және арнайы инвентаризациядан өтуді ұсынды. Бұл шара тұрғын үй кезегіндегі реттілікті қамтамасыз ету және базадағы ақпараттардың нақтылығын тексеру үшін қолға алынып отыр.

Банк басшысы Ләззат Ибрагимова бұл тексерістің себебін түсіндіре келе, көптеген азаматтардың деректері жылдар бойы жаңартылмағанын атап өтті.

«Көпшілік инвентаризацияны не үшін іске қостыңдар деп сұрап жатыр. Көп азаматтардың деректері жылдар бойы жаңартылмаған. Осы уақыт ішінде отбасы құрамы, мәртебесі, табысы және басқа да жағдайлар өзгеруі мүмкін, алайда базада ескі ақпарат сақталып қалған. Тұрғын үй мәселесінде деректердің нақтылығы аса маңызды», – дейді ол.

Бұл үдеріс баспана кезегіндегі қателіктерді жойып, үйлердің заң бойынша әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ләззат Ибрагимова мұндай мәселеде мәліметтердің өзектілігі принципті маңызға ие екенін, сондықтан әрбір адам өзіне тиесілі баспананы ешқандай түсініспеушіліксіз алуы үшін осы жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Инвентаризациядан Orken.otbasybank.kz сайты арқылы онлайн өтуге болады. Барлық кезекте тұрған азаматтарды деректерін уақытылы жаңартуға шақырады.

Бұған дейін Отбасы банк үй кезегінде тұрған 55 мыңнан аса адамды тізімнен шығарып тастаған. Сол кезде Ләззат Ибрагимова дерекқорда 642 мың адам тіркелгенін атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз