Жаңалықтар

Поляк миллиардері Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісіне 39,5 млрд теңге салмақ

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Польшаның ең бай миллиардері Ежи Старак «Химфарм» компаниясы арқылы Қазақстанның дәрі-дәрмек өндірісін кеңейту үшін 39,5 млрд теңге жеке инвестиция салмақ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шымкенттегі «Химфарм» (Santo) зауытымен жаңа инвестициялық келісімді мақұлдады.

Бұл жоба халыққа не береді

Негізгі мақсат – ауруханалар мен дәріханаларды сапалы әрі арзан отандық дәрілермен қамтамасыз ету. Жаңа өндіріс іске қосылғанда, мынадай:

  • Қатерлі ісік (онкология);
  • Жүрек-қан тамырлары аурулары;
  • Инфекциялық дерттер мен туберкулез;
  • Басқа де созылмалы ауруларды емдеуге арналған 38 түрлі дәрі шығарылады

Жеке инвесторлар есебінен 39,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражат тек зауыт салуға емес, ғылыми зерттеулерге де бағытталмақ. Шымкенттегі зауытта қосымша 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістің алғашқы кезеңі 2029 жылдың соңына қарай жұмысын бастайды.

Қазіргі таңда Қазақстанның фармацевтика саласына жалпы құны 316,3 млрд теңге болатын 6 бірдей ірі жоба тартылып жатыр. Мемлекеттің жоспары бойынша, еліміз өз-өзін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алатын деңгейге жетуге тиіс.

Инвестор – Польшадағы ең бай үш адамның бірі

SANTO сауда белгісімен жұмыс істейтін» Химфарм – АҚ Қазақстандағы ірі фармацевтикалық компания. Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия нарығында жұмыс істейтін Polpharma фармацевтика тобына кіреді.

Polpharma тобының негізін қалаушы әрі негізгі иесі – польшалық миллиардер Ежи Старак (Jerzy Starak). Ол 2000 жылдан «Спектра» холдингіне иелік етеді. Осылайша, Шымкенттегі «Химфарм» (Santo) зауытының да негізгі инвесторы – осы поляк кәсіпкері.

2025-2026 жылдардағы Forbes рейтингі бойынша оның байлығы шамамен 5,5 млрд долларға бағаланған. Ол Польшаның ең дәулетті үш адамының қатарына кіреді.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмек бағасы арзандағанын мәлімдеген.