
Қазақстан Үкіметі елдің минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында резервтен 40,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, бұл қаражат 2026 жылы ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
Биылғы жоспар бойынша 11 облыста (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Абай және Ұлытау) 100 мың шаршы шақырым аумақты қамтитын 20 ірі геологиялық жоба іске қосылады.
Бұл жұмыстар заманауи цифрлық технологиялар, аэрогеофизикалық зерттеулер және терең бұрғылау әдістерін қолдану арқылы жүргізілмек.
Жаңа мұнай-газ көзін іздейді
Геологиялық барлаудың тағы бір маңызды бағыты — Шу-Сарысу және Солтүстік Торғай бассейндеріндегі мұнай-газ әлеуетін зерттеу. Қазіргі уақытта бұл аймақтардың жерасты байлығы жеткілікті деңгейде зерделенбеген.
Сондықтан мемлекет 2D сейсмикалық барлау жұмыстарына қатысты 6 жобаны іске асырып, көмірсутек кен орындары болуы мүмкін құрылымдарды анықтауды көздеп отыр.
Үш жылдық жоспар: 240 млрд теңге инвестиция салынады
Мемлекеттік саясаттың бұл бағыты тек кен іздеу емес, сонымен қатар жер қойнауын игеруге шетелдік инвестиция тартуды көздейді.
Үкімет алдағы үш жылда геологиялық зерттеулерге жалпы сомасы 240 млрд теңге ($500 млн) жұмсауды жоспарлап отыр. Барлық басталған жоба 2028 жылдың соңына дейін толық аяқталуға тиіс.
Сонымен қатар алдағы үш жылда мұнай барлау ісіне 900 млн доллар инвестиция құйылмақ.