
Белгілі имам Тимур Әлиев ораза ұстап жүрген ер азаматтарға арнап үндеу жолдады.
Имам ер азаматтарға ауызашарды жұбайы мен балаларымен бірге өткізуге шақырды. Сөзінше, бұл – қарым-қатынасты нығайтады.
«Рамазан айында бауырлар бір-бірін ауызашарға жиі шақырады. Кафелерде, үйлерде жиналады. Болмаса, мешіттердегі ауызашарларда уақыт өткізеді. Осы кезде отбасы назардан тыс қалады. Мәселе үлкен емес сияқты, күйеуі харам ештеңе істеп жатқан жоқ. Бірақ маған сеніңіздер, жекеме әйелдерден осындай сұрақтар өте көп келеді. Бұл – олардың жанайқайы», – деді Тимур Әлиев.
Әлиев халал дәмханадан үстелге алдын-ала тапсырыс беріп, ауызашарды балаларымен және жұбайымен бірге өткізген жөн деп санайды.
«Бұл сіздердің қарым-қатынастарыңызға жақсы әсер етеді», – деді имам.
Рамазан айы 19 ақпанда басталды. 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні қасиетті Қадір түні өтеді. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі. Өз қалаңыздағы Ораза кестесін мына жерден көре аласыз.