
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында елдегі орман қоры мен ауыл шаруашылығы жерлерінің нақты ауқымын жариялады.
Бектеновтің мәліметінше, 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша орман қоры жерлерінің жалпы ауданы 23,4 млн гектарды құрайды. Бұл – республиканың бүкіл жер қорының 8,9%-ы. Жер реформасы жылдарында бұл көрсеткіш 2,3 есеге ұлғайған. Негізінен бұрын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының уақытша пайдалануында болған жерлер орман қоры құрамына берілген.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, орман қоры жерлерінде орналасқан және орман шаруашылығы үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатында, соның ішінде жайылым ретінде берілуі мүмкін. Қазір орман қоры жерлерінің шамамен 29,4 пайызы ауыл шаруашылығы алқаптары болып отыр. Қосалқы жерлер құрамында 83 млн гектарға жуық жер бар, оның ішінде 60,8 млн гектары – жайылым. Бұл ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай резерв», – деді Олжас Бектенов.
Бектеновтің мәліметінше, жерді қайта бөлуді бақылау жөніндегі республикалық комиссия пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және оларды ауыл шаруашылығы айналымына тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл шаралар жайылым тапшылығын азайтуға ықпал етуге тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі мәселе жердің көлемінде емес, оны тиімді және әділ бөлуде. Сондықтан алдағы кезеңде жерді басқару тетіктерінің ашықтығы басты назарда болмақ.
«Жерді қайта бөлуді бақылау жөніндегі республикалық комиссияның қызметі аясында пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды ауыл шаруашылығы айналымына тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, бұл жайылым тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Осы мәселелерді ескере отырып, орман қоры жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыру қазіргі кезеңде мақсатқа сай емес деп саналады», – дейді Бектенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін сенаторлар орман өсіру функциясын атқармай отырған, бірақ ауыл шаруашылығына қолайлы жерлерді жайылым ретінде пайдалануға мүмкіндік беруді сұраған болатын.