
Миланда өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан өткен жарыстар даумен аяқталды. Қазақстан атынан төрешілік еткен ресейлік маман Надежда Парецкая өз отандасына негізсіз жоғары балл беріп, қазақстандық спортшылардың ұпайын төмендетті деп айыпталып отыр.
Ресейлік спортшыға – жоғары ұпай, қазақстандыққа – төмен баға
Желі қолданушылары мен спорт сарапшылары Парецкаяның әділдігіне күмән келтіріп отыр. Басты наразылық келесі жайттарға байланысты:
- Аделия Петросянның жағдайы: Ресейлік спортшы еркін бағдарлама кезінде төрт айналымдық тулупты орындау барысында мұзға құлап түскеніне қарамастан, Парецкая оған ең жоғары – 147,04 ұпай қойған. Басқа төрешілердің бағасы бұдан әлдеқайда төмен болды. Осы қолдаудың арқасында Петросян жалпы есепте 6-орынға тұрақтады.
- Софья Самоделкинаға қысым: Қазақстан намысын қорғап жатқан Самоделкинаға Парецкая керісінше төмен ұпай берген. Салдарынан жерлесіміз турнир кестесінде 10-орынға сырғыды.
Төрешінің «қыспағына» ерлер арасындағы жарыста Михаил Шайдоров та түсті. Парецкая Шайдоровтың ұпайын әдейі төмендетіп, оны 7-орынға дейін түсіріп жіберген.
Бұл жағдай қазақстандық спортшыны тәуекелге баруға мәжбүр етті:
- Михаил еркін бағдарламада техникалық жағынан өте күрделі бес секіру элементін (төрт айналымдық) орындауды ұйғарды.
- Қысымға қарамастан, Шайдоров мұзда мінсіз өнер көрсетіп, барлық қарсыластарын шаң қаптырды.
- Нәтижесінде Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
Қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Надежда Парецкаяның бұл әрекетін «кәсіби этикаға жат» деп бағалап, Қазақстанның Мәнерлеп сырғанау федерациясынан бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме талап етіп отыр. Көпшіліктің пікірінше, еліміздің атынан баратын төрешілер алдымен өз спортшыларымыздың мүддесін қорғауы тиіс.