
Қазақстандағы жасөспірімдер футболына жетекшілік ететін ең ірі ұйым – Freedom QJ League – қанатын жайып келеді. Өткен жылы U-18, U-17 және U-16 санаттары бойынша жарыстар өткізген Лига алдағы маусымда тағы бір жас ерекшелігі – U-15 тобын қамтығалы отыр.
Freedom QJ League-дің кеңеюі – футбол десе ішкен асын жерге қоятын қазақстандық ұлдар мен қыздар үшін оң қадам. Тимур Турловтың Freedom Holding Corp. компаниясының қаржылай қолдауының арқасында Лига отандық футбол тарихында алғаш рет жасөспірімдер үшін кәсіби деңгейге барынша жақындатылған жағдайлар жасай алды. Оған аптасына бір рет сырт алаңда және өз алаңында өтетін екі айналымды жүйедегі турнирлер, қонаққа келген командалар мен төрешілерді жайлы қонақүйлерге орналастыру, үш мезгіл тамақтандыру және жаттықтырушыларға озық цифрлық аналитикалық құралдарды ұсыну кіреді. Клубтар өз алаңындағы матчтарды ұйымдастыру шығындарын ғана өтейді.
Бұрын мұның бірі де болған жоқ. Қаражат тапшылығынан жарыстар «топтық әдіспен» өткізілетін. Командалар айына бір рет бір жерге жиналып, бірнеше күнде бірнеше матч өткізетін де, кейін ұзақ уақыт бойы ойын практикасынсыз қалатын. Клубтар жасөспірімдердің логистикасы мен жатын орнын өздері төлейтін, көбіне қаржыдан қысылғандықтан, барлық қатысушылар үшін тұрақты әрі жайлы жағдай туралы сөз болуы да мүмкін емес еді.
Алайда түбегейлі өзгерістер Лига регламентінде көрсетілген клубтарға қойылатын қатаң талаптарды қоса ала келді. Бұл ең алдымен, жасөспірімдердің игілігі үшін қажет – лицензиялаудан өте алмайтын бір клубтың қатысушылар арасында болуы қалған барлық командаға қиындық тудыруы мүмкін. Стадиондағы жабынның сапасыздығы жас ойыншылардың жарақат алу қаупін арттырады, ал қарапайым тұрмыстық жағдайлардың болмауы жасөспірімдердің дамуы мен тәжірибесін жақсартуға бағытталған күш-жігерді жоққа шығарады.
Имидж жағын да ұмытпаған жөн – клубтың кінәсінен болған кез келген жағымсыз жағдай үшін жауапкершілік халықтың қабылдауында бүкіл Лигаға тез ауысады. Бұл көптеген бағыттарда, соның ішінде қазіргі және ықтималды демеушілермен жұмыс істеуде кедергілер тудыруы мүмкін. Осылайша, елдегі бүкіл балалар мен жасөспірімдер футболы зардап шегуі мүмкін.
Сондықтан Freedom QJ League басшылығы кейде қатаң шаралар қолдануға мәжбүр. Мәселен, бірінші маусымнан кейін бірқатар қайталанған мәселелерге байланысты Шымкенттің «Оңтүстік» клубы регламент талаптары жеңілдеу «Б» лигасына жіберілді, онда тек бір жас санатындағы (U-18) командалар ойнайды. Қазір клуб күндердің бір күні флагмандық жарыстарға қайта оралып, командаларына бәсекелестік ойын тәжірибесін сыйлау үшін жұмысын айтарлықтай жақсартты.
Инфрақұрылым – басты кедергі
Бұл бағыттағы басты қиындық – инфрақұрылым. Елдегі стадиондардың көпшілігі кеңес дәуірінде салынған, қазір арада бірнеше онжылдық өткен соң, олардың тозу мәселесі өте өткір болып тұр. Соңғы жылдары жаңа ареналар, манеждер мен толық өлшемді алаңдардың салынуы есебінен жағдай біршама жақсарғанымен, бұл процесс біркелкі жүріп жатқан жоқ – кейбір өңірлер айтарлықтай артта қалып қойған.
Freedom QJ League пайда болғанға дейінгі форматта жасөспірімдер жарыстарын ұйымдастыру кезінде бұл дағдарыс онша байқалмайтын. Өйткені проблемалы аймақтар жарыс өткізу үшін таңдалмайтын – ол жақтың командалары жағдайы жақсырақ қалаларға баратын. Ал ауқымның кеңеюі бұрын көз жұмып келген мәселелердің бетін ашты.

Қалыптасқан жағдайдың айқын көрінісі – Тараз қаласындағы ахуал. Бір кездері отандық таланттардың ұстаханасы саналған аймақ (мысалы, Нүркен Мазбаев, Бахтиер Зайнутдинов және Бауыржан Исламхан осы жерден түлеп ұшқан) футболға деген халық сүйіспеншілігін сақтап қалғанымен, инфрақұрылымдық шектеулерге тіреліп тұр.
Өткен жылдың басында-ақ жергілікті футбол орталығының инфрақұрылым, әкімшілендіру және басқа да мәселелер бойынша күрделі қиындықтары бар екені белгілі болған. Соған қарамастан, клуб басшылығы Лига мен Қазақстан футбол федерациясының өкілдерін маусым барысында барлық мәселелер жедел шешіледі деп сендірді – нәтижесінде «Тараз» жарысқа жіберілді.
Алайда іргелі оң өзгерістер болған жоқ. Соңғы инспекциялық тексеруден кейін жергілікті «Жастар» стадионының жабыны мүлдем жарамсыз болып қалғаны белгілі болды – мұндай газонда ойнау қауіпті.

Жақында ғана ҚФФ-ның «ALAÑ» бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен «Тараз Арена» да бар. Бірақ ол да Freedom QJ League-дің қатаң лицензиялау талаптарына сай келмейді – мәселе алаңның стандартты емес өлшемінде, сондай-ақ киім ауыстыратын бөлмелердің нашар күйі мен интернет байланысының әлсіздігінде. Соңғысы Лиганың коммерциялық тартымдылығы үшін маңызды болып саналатын сапалы трансляцияларды ұйымдастыру үшін аса қажет.
Өңірдегі барлық талаптарға формальды түрде сай келетін жалғыз арена – Орталық стадион. 1939 жылы ашылған нысан төрт рет реконструкцияланған – соңғысы 2013 жылы болған.
Оның Freedom QJ League контекстіндегі басты әлсіз тұсы – табиғи газоны. Ол жасанды төсенішке қарағанда жүктемеге төзімсіз. Жаңа маусымда бірден төрт жас санатындағы жасөспірімдер қатар жарысатынын ескерсек, мұндай аз уақыт ішінде көптеген матчтарды өткізу жабынның күйіне кері әсер етеді. Оның үстіне, бұл алаңда «Тараздың» негізгі командасы да өз ойнын өткізеді.
Клуб «Жастар» стадионының жабынын жөндеуді жоспарлап отыр. Оған 50 миллион теңге бөлу көзделгені хабарланды, бірақ бұл сома мұндай деңгейдегі жұмыстар үшін жеткіліксіз.
Тараптар шешім табуға тырысуда – өткен жұмыс кездесулері барысында клуб өкілдері аталған мәселелерді қысқа мерзімде шешуге уәде берді. Дегенмен, қазіргі уақытта «Тараздың» Freedom QJ League-дегі болашағы бұлыңғыр болып тұр.
Басқа өңірлердегі жағдай
Осыған ұқсас мәселелер Лиганың басқа қатысушы клубтарында да бар. Мәселен, «Атырау» қауіпті аймақта тұр. Өңірде «Судоремонтник» және «Томарлы» стадиондарын қосқанда бірнеше арена болғанымен, олар жоғары стандарттарға сай келмейді және жиі сынға ұшырайды.
Облыстың басты аренасы – «Мұнайшы» 1950 жылы ашылған және содан бері тек бір рет, 1999 жылы жөнделген. Қазір онда ұзақ уақыттан бері алғаш рет реновация жүріп жатыр, соған байланысты «мұнайшылардың» негізгі командасы өз ойындарын Түркістанда өткізуге мәжбүр.
Ақтауда да жағдай күрделі. Жергілікті «Каспий» де өз жанкүйерлерінің алдында матч өткізу мүмкіндігінен айырылды – «Жас Қанат» стадионы жабық, ал басқа нысан – BS Arena ҚПЛ талаптарына сай келмейді.
«Ең бастысы – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бір маусымда жүзеге аспайтынын түсіну. Бұл – ұзақ, жүйелі процесс. Егер бес-он жылдан кейін нәтиже көргіміз келсе, инфрақұрылымды бүгін салуымыз керек. Онсыз ешқандай әдістеме жұмыс істемейді. Тараз бен Атыраудағы жағдай – жекелеген оқиға емес, бұл бүкіл жүйеге берілген белгі», – дейді Лиганың сарапшы-аналитигі, Қазақстаннан шыққан жалғыз футбол олимпиада чемпионы Евгений Яровенко.
Жақсы нышандар да бар
Жоғарыда аталған проблемалық мысалдарға қарамастан, оң кейстер де жоқ емес. Мәселен, өткен күзде Қызылордада УЕФА-ның 4-санатына сай келетін, 11 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадион ашылды. Сондай-ақ жасөспірімдер академиясының құрылысы басталды.

Үлкен инфрақұрылымдық жобалар Қарағандыда да іске асырылуда. Freedom Holding Corp. қалада заманауи академия-интернат, 3 500 көрерменге арналған стадион, жабық манеж және толық өлшемді алаң салып жатыр. Футбол нысандары өңірдің басқа да елді мекендерінде бой көтереді.

Ал елордада бұрынғы тарихи Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның орнына жаңа заманауи аренаның құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстар осы жылы аяқталады деп күтілуде.