Жаңалықтар

Қытайдан көшіп келген қандас Түркістанда скотч зауытын ашты

Қазақстанда шығарылған өнім - скотч
Тұрмысқа қажетті өнім Түркістанда өндіріледі / фото: gov.kz

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қандас Түркістанда скотч шығаратын жаңа зауыт ашты. «QazEcoPack» компаниясының директоры Думан Халмет кәсібін кезінде Қытайдан тауар тасумен бастаған.

Отандық өнім

Түркістан қаласында полиэтилен қаптама өнімдері мен скотч өндіретін жаңа зауыт жұмыс істей бастады. Өндіріс «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан.

Қазақстанда шығарылған өнім - скотч
Зауыт орналасқан аумақ / фото: gov.kz

«Біз үшін әрбір өндіріс орны мен жоба маңызды. «QazEcoPack» компаниясы жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді», – дейді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Өңір басшысы осы бастаманы жүзеге асырған Думан Халмет пен кәсіпорын ұжымына табыс тіледі. Көшеровтің айтқандарын облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Қазақстанда шығарылған өнім - скотч
Отандық өнім / фото: gov.kz

Зауыт құрылтайшысы әрі директоры Думан Халмет инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғыс айтты.

Өндіріс қуаты

Компания бастапқы және қайта өңделген шикізаттан полиэтилен қаптама өнімдерін өндіреді. Кәсіпорын отандық нарықты сапалы өніммен қамтып, импорт көлемін азайтуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға үлес қосуды көздейді, деп таратты әкімдік.

Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Соның бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл зауытта жылына 1,5 млн дана скотч өндіріледі. Өнімдер Қазақстан мен ТМД елдеріне жеткізіледі.

Ал екінші кезең 2026 жылғы желтоқсанда жүзеге асып, жылына 350 мың кг стрейч-пленка және 80 мың дана ауа-көпіршікті пленка шығару жоспарланған.

Үшінші кезең 2027 жылы іске асырылып, жылына 500 мың кг полиэтилен өнімдері өндіріледі.

Зауытта әзірге 20 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы да жұмыс орындары құрылмақ.

Жобаның жалпы құны – 1,21 млрд теңге.

Кәсіпкер туралы

Думан Халмет Қытайдан Қазақстанға көшіп келген көп қандастың бірі. Ол кәсібін аспан асты елінен скотч әкеп сатумен бастаған. Кәсіпкер әуелі Астанада скот шығаратын кәсіпорынды іске қосқан. Енді облыс орталықтарында да өндіріс орындарын ашып жүр.