
Астана көшелерінде референдумға баруға үндейтін баннер мәтінінде қате кеткен. Әлеуметтік желі қолданушылары қатенің қазақ тіліндегі нұсқасында кеткенін айтып, фотолар жариялады.
Оқырмандар KursivMedia редакциясына жолдаған фотолардың бірінде «Әрқайсымыздың дауысымыз маңызды» ұранының орнына «әрқаисымыздың дауысымыз маңызды» деп жазылған.

Редакция мұндай қателікті кім жібергенін орталық референдум комиссиясы мүшелерінен сұрады.
«Азаматтардың бұл туралы әлеуметтік желіде жазғанын көрдік. Астана аумақтық комиссиясы берген мәліметке сәйкес, баспахана техникалық қате жіберген. Баспахана қателікті өз қаражатына уақытында түзетті», – дейді комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік.
Айтуынша, қате кеткен баннердің барлығы елорда көшелерінен алынды.
Айта кетейік, референдум өткізуге жалпы 20,8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Саяси науқан 15 наурызда өтеді.