Шұңқырға түсіп апатқа ұшыраған әйел Петропавл әкімдігінен 2 млн теңге өндіріп алды

Петропавл қаласында жолдағы шұңқырға түсіп апатқа ұшыраған әйел қала әкімдігін сотқа беріп жеңіп шықты.
Петропавл қалалық №2 сот қараған іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қаңтар айында Қизатов көшесінде болған жол-көлік оқиғасы кезінде әйел адамның автокөлігі аударылған. Бұған көлік дөңгелегінің мұзға түсуі себеп болған. Апат салдарынан көлікке елеулі механикалық зақым келген.
Сот барысында аталған жол учаскесіндегі ойықтың тереңдігі 8 сантиметрге дейін жеткені анықталды. Сонымен қатар жолдың түзу болуын бақылауға тиіс қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі сотқа қажетті деректерді ұсына алмаған.
«Қазгидромет» филиалының мәліметінше, оқиға болған күні қалада қар жауып, ауа температурасы нөлден төмен болған. Бұл көктайғақтың пайда болуына әкелген. Айта кетерлігі, осы жол-көлік оқиғасынан кейін 5 минут ішінде дәл сол аумақта тағы бір жүргізуші апатқа ұшыраған. Ал келесі күні бұл көшеде 3–4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, кемінде 11 адам зардап шеккен.
Сот шешімімен әйелдің пайдасына материалдық залалды өтеу үшін 1 106 277 теңге және моральдық зиянды өтеу үшін 1 000 000 теңге өндірілді. Сондай-ақ жауапкер сот шығындарын өтеуге міндеттелді.
Шешім заңды күшіне енді.