Шымкентте 95 млн теңге ұрлаған күдікті Түркияда ұсталды

Шымкентте төрт адамды алдап, кейін Түркияға қашқан алаяқ Қазақстанға экстрадицияланды.
Бас прокуратураның мәліметінше, операция құзырлы органдар мен ІІМ Интерпол қызметкерлерінің, сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан. Күдікті Анталья қаласында қолға түскен.
95 млн теңге залал
«Тергеу деректеріне сәйкес, 2019-2020 жылдары күдікті Шымкент қаласында 4 жәбірленушіні алдап, ақшасы мен жер учаскелерін иемденген. Оларға жиынтығында шамамен 95 млн теңге көлемінде залал келтірген. Шетелде бой тасалаған соң, оған халықаралық іздеуге жарияланды. Кейін ол Түркия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Отанына экстрадицияланды», – дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов.
Күдікті елге жеткізілген соң бірден қамауға алынған. Айыбы сотта дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.