Түркістанда қыздарды ұлдардың бөлмесін тазалауға мәжбүрлеген – басқарма жауабы

Түркістандағы көпбейінді индустриялық-техникалық колледжде студент қыздарды жатақханадағы ұлдардың бөлмесін тазартуға мәжбүрлеген. Осы оқиғаның видеосы желіде қызу талқыланды. Осы оқиғаға байланысты Түркістан облыстық білім басқармасы түсініктеме берді.
Жатақханадағы қызметкерлер «комиссия келеді» деген желеумен студент қыздарға тазалық жұмыстарын жүргізуге мәжбүрлеген. Тіпті дауыс көтеріп айғайлаған. «Оған көнбейміз» деген кезде қызметкерлер оларды жатақханадан шығарамыз деп қорқытқан.
Түркістан облысының білім басқармасы оқиғаның көпсалалы индустриалды-техникалық колледжде болғанын растайды Қазір оқу орнында 1072 студент білім алады. Оның ішінде 80 студент жатақханамен қамтылған.
«2026 жылғы 23-25 ақпан күндері өтетін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы облыстық (аймақтық) спартакиадаға қатысатын студенттерді жатақханаға орналастыру мақсатында колледж тәрбиешісі мен вахтер қызметкерлері жатақхана студенттеріне ауызша түрде ұсыныс жасаған. Атап айтқанда, ұл балалардың жексенбі күні жатақханаға келмеуіне байланысты, қыз балалардан ұл балалар бөлмелерінде тазалық жұмыстарын жүргізуге көмектесу сұралған. Алайда кейбір студенттер бұл ұсыныстан бас тартқан. Осы жағдай барысында екі тарап арасында түсініспеушілік туындап, дау-дамай орын алған. Өкінішке қарай, аталған жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желіге жарияланған», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды.