
Әлеуметтік желіде тараған колледж жатақханасының қызметкерлері мен студенттер арасындағы даудың мән-жайы белгілі болды.
Дау неден шықты
Оқиға Түркістандағы көпбейінді индустриялық-техникалық колледжде болған.
Желідегі видеода студенттер өзгенің бөлмесін жинаудан бас тартқанын байқауға болады. Сонда да қызметкерлер олардан талап етеді. Әйтпегенде, жатақханадан шығаратынын, жуынатын бөлмеге кіргізбейтінін айтып қорқытқан.
«Өз бөлмемді тазалаймын. Жігіттердің бөлмесін тазаламаймын. Не үшін балалардың бөлмесін жинап беруім керек? Өз бөлмесін тазалау әркімнің міндеті», – дейді студент қыз.
Қызметкерлердің студенттерге түсіндіруінше, бүгін облыстық спартакиада болады. Оған келгендер жатақханаға жатқызылады. Бұдан бұрын тексеру жүреді. Ауылға үйіне кеткен студенттердің бөлмесін тазалауға қол күші жетпей тұр. Десе де, бұған қыздар көнбейді. Дегені болмаған соң қызметкерлердің бірі:
«Ертең жатақхананы босатып беріңдер. Мақұл ма? Ренжімеңдер. Душқа да бармайсыңдар», – дейді.
6 адамға сөгіс берілді
Өзге бөлмені жинауға келіспеген студенттерді қызметкерлер жатақхананың тәртібіне бағынбады деп кінәлаған. Бұл оқиғаны колледж директоры Айдос Кенжеханұлы да растады. Айтуынша, келіспеушілік кеше болған. Жігіттер ауылда болған соң, олардың бөлмесін жинауға қыздардан көмек сұралған. Оған 3 студент қарсы болған.
«Қазір анықтадық. Полиция келді. Беттестірдік. Полиция: «Үнемі осылай қысым жасала ма?» деп сұрады. Қыздар мұндай жағдай бірінші рет болғанын айтты. Екі тарап келісімге келді. Бірақ дөрекі сөйлегені үшін жатақхананың 6 қызметкеріне сөгіс бердім», – дейді колледж директоры.
Айдос Кенжеханұлының сөзінше, жатақханада аптасына бір рет санитарлық күн белгіленген. Онда әр студент өз бөлмесін тазалауға міндетті. Жатақхана дәлізін, әжетханасын техникалық қызметкерлер тазалайды. Әжетхананы, ауланы тазалағандарға қосымша ақы төленеді.
«Бүгін бізде облыстық спартакиада өтіп жатыр. Алыстан келгендер жатып қалуы мүмкін деп бөлмелер тазаланған. Ұлдар ауылда болған соң сондағы қыздарға өтініш жасаған. Көнбеген соң дөрекі сөйлеген. Студенттер жатақханадан шығарылмайды. Оларға қысым болмайды», – дейді Айдос Кенжеханұлы.
Комиссия құрылды
Облыстық білім басқармасы оқиғаны бақылауға алып, комиссия құрылғанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта студенттермен және ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады», – делінген басқарма хабарламасында.
Айта кетейік, көп салалы индустриялды техникалық колледжде 1100-ге жуық студент білім алады. Олардың 80-і жатақханамен қамтылған.