
Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева 2026 жылы отандық автозауыттардағы көлік өндірісі 22%-ға өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.
«2026 жылы Қазақстандағы автокөлік өндірістері жобалық қуаты жағынан анағұрлым жоғары деңгейіне шығады. Соған сәйкес, 2026 жылы өндіріс көлемі шамамен 22%-ға өседі деп күтіп отырмыз», – деді ол автокөлік форумы кезінде сөйлеген сөзінде.
2025 жылы Қазақстанда 171,4 мың автокөлік өндірілген. Бұл 2024 жылғы 145,3 мың көрсеткішпен салыстырғанда жоғары. Ал 2026 жылы өндіріс көлемі 209 мың көлікке дейін жетуі мүмкін, яғни шамамен 22%-ға артады.
Сондай-ақ Мақашева 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны туралы деректерді ұсынды. Бұл кезеңде елдегі автокөлік саны 5,9 млн бірлікті құраған:
- 399,5 мыңы – 3 жылға дейінгі,
- 1 млн – 3-7 жыл аралығындағы,
- 606,6 мыңы – 7-10 жыл аралығындағы,
- 1,4 млн – 10-20 жыл аралығындағы,
- 2,4 млн – 20 жылдан асқан көліктер.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер Қазақстанда автопаркті жаңарту әлеуеті жоғары екенін аңғартады.
«Біздің одақтың алдағы негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан автопаркін кезең-кезеңімен жаңарту. Елдегі автонарық тұрақты түрде сатылған көліктер туралы, оның ішінде ресми өндіруші өкілдер арқылы өткен сатылымдар жөнінде ақпарат беріп келеді. 2024 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта сатылым 15%-ға өскенін көріп отырсыздар», – деді Мақашева.
Атап айтқанда, 2025 жылы 234,9 мың автокөлік сатылған. Бұл 2024 жылғы 205,1 мың көлікпен салыстырғанда көп. Ал 2026 жылы сатылым көлемі 247 мың автокөлікке дейін жетуі мүмкін, яғни шамамен 5%-ға өседі.
Одақ басшысы жаңа көлік және автобөлшек өндірісі жобаларының арқасында шамамен 5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар деп есептейді.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда екі жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды.Олар Алматы қаласында Chery, Haval, Changan брендтерін шығаратын мультибрендті зауыт және Қостанай қаласындағы Kia Qazaqstan зауыты.