
2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 2,9 млн сапалы жұмыс орны қамтамасыз етілді. 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда», – делінген хабарламада.
Министрлік алқасының кеңейтілген отырысы Астанада премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтті. Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ерсаев, депутаттар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен әлеуметтік әріптестер қатысты.
Алқа қатысушылары мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау мәселелерін қарастырды. Бұл жұмысқа орналасу, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету және инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру туралы болды. Мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің ашықтығын арттыру үшін министрліктердің ақпараттық жүйелерін интеграциялауға ерекше назар аударылды.
Еңбек министрі Асқарбек Ерсаев ведомствоның жұмысын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі.