Жаңалықтар

Алматыда мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионатының Азия кезеңі өтеді

шахматы
фото: 2gis.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

2026 жылғы 6–11 сәуір аралығында Алматы қаласы Азияның шахмат орталығына айналады. Қаланың сәулеттік келбетін айқындайтын нысандардың бірі — Іле Алатауының қарлы шыңдарының баурайында орналасқан «Қазақстан» қонақүйінде мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионатының (World Schools Team Championship 2026) Азия құрлығы бойынша кезеңі өтеді. Турнирлер сериясының бас демеушісі — Freedom Holding Corp.

Бұл дода – әлемдік біріншіліктің жаңа форматының бастамасы. Аталған бастаманы Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Халықаралық мектеп шахматы федерациясы (ISCF) жариялаған болатын. Шахмат тарихында тұңғыш рет әлемдік цикл Азия құрлығынан, нақты айтқанда Алматыдан бастау алады. 2026 жыл ресми түрде «Білім берудегі шахмат жылы» деп жариялануына байланысты бұл оқиғаның маңызы ерекше.

Бұған дейін мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты бір алаңда ұйымдастырылып келсе, енді құрлықтық жүйе енгізілуде. Африка, Америка, Азия және Еуропада өтетін кезеңдерде әр құрлықтың үздік бір командасы анықталады. Ал 2026 жылдың желтоқсанында осы төрт чемпион Гранд-финалда бас қосып, әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Алматыға Азияның әр елінен ұлттық іріктеуден өткен мықты мектеп командалары жиналады. Әрқайсысы өз мектебі мен елінің намысын қорғайды. Жеңімпаз команда Азия чемпионы атанып қана қоймай, әлемдік финалға жолдама алады.

Білім берудегі шахмат жылы және халықаралық серіктестік

2026 жыл – шахматтың білім беру саласындағы рөлін айқындайтын кезең. Шахмат балалардың логикалық ойлауын, стратегиялық жоспарлау қабілетін, зейінін, командамен жұмыс істеу дағдыларын және жауапкершілігін дамытуға ықпал етеді.

Халықаралық мектеп шахматы федерациясының (ISCF) және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өз сөзінде:
«Шахмат – тек жарыс емес, ол – білім мен мәдениеттер тоғысатын орта. Әртүрлі елдердің балалары бір тақта басында кездескенде, өзара тәжірибе алмасып, достық байланыс орнатады. Біз тек мықты ойыншыларды ғана емес, ашық ойлайтын, сенімді тұлғаларды тәрбиелеуге үлес қосып келеміз. FIDE-пен серіктестік аясында Білім берудегі шахмат жылы ерекше мазмұнға ие болады», – деп атап өтті.

Қазақстан шахматты дамыту бағытында халықаралық деңгейде танылған елдердің бірі. Жаңа форматтағы әлемдік циклдің алғашқы кезеңінің Алматыда өтуі – соның айқын дәлелі. 201 елді біріктіретін FIDE ұйымы мен 2024 жылы құрылған ISCF федерациясы бұл таңдауды бекер жасаған жоқ.

2026 жылғы маңызды шахмат оқиғасы дәл осы жерде — Азияның жүрегінде, Алматыда бастау алады.