Көктемгі егін жұмыстарына бюджеттен 700 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беру үшін 700 млрд теңге бөлінеді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Сапаров 2026 жылға арналған егіс құрылымы бекітілгенін мәлімдеді. Сөзінше, жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық.

Бидай азаяды, майлы дақылдар көбейеді

Министрдің айтуынша, егіс құрылымы әртараптандыру саясаты аясында өзгертілмек. Негізгі басымдық жоғары рентабельді дақылдарға беріледі.

2026 жылғы өзгерістер:

  • Азықтық дақылдар 242 мың гектарға көбейеді;
  • Арпа – 94 мың гектарға;
  • Жүгері – 90 мың гектарға (265 мың гектарға дейін);
  • Майлы дақылдар – 55 мың гектарға;
  • Картоп – 10,3 мың гектарға ұлғаяды;
  • Бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды.

Жеңілдетілген несие

Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беруге 700 млрд теңге жоспарланған. Өтінімдер өткен жылдың қазан айынан бастап қабылданған.

«Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруге 700 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Егер 2025 жылғы егіс науқанына ерте қаржыландыру 2024 жылдың қараша айының соңында басталған болса, 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қазан айында басталды. Осының нәтижесінде, бүгінгі күні шамамен 1 900 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 200 млрд теңге сомасына қаржыландырылды», – деді Сапаров.

Министрдің сөзінше, егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу үшін 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Бұған дейін ет бағасын тұрақтандыру үшін фермерлерге 200 млрд теңге несие берілетіні жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз