Жаңалықтар

Министр бес-алты бас малы бар азаматтарға көмек қалай берілетінін айтты

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Бұған дейін депутаттар ірі шаруа қожалықтардан гөрі ауылда бес-алты малы бар азаматтарға мемлекет көбірек көмектесуі керек деп пікір айтқан еді. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров не ойлайды? Сұрақты Kursiv.Media тілшісі министрдің өзіне қойып көрді.

«Жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек»

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Айдарбек Сапаров көмек бәріне бірдей берілетінін айтты. Ол ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесін дұрыстап оқуға шақырды.

«Жеке қосалқы шаруашылықты міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеу керек. Соған көшсе, ешқандай проблема жоқ. Азаматтар жеңілдетілген несиені де, субсидияны да ала алады. Бұрын 2900 болған кооперативтер саны қазір 3900-ға жетті. Бүгінгі сан бойынша тіптен 4465-ке жеткіздік. Олар сол шаруашылықтар – кооперативтерге бірігіп, несиесі мен субсидиясын алып жатыр», – дейді ол.

Сапаровтың сөзінше, мемлекеттен бөлінетін қаржының 70 пайызына жуығы ұсақ және орта шаруашылықтарға беріледі. Сонымен қатар министр кім шығын шығарады – соның шығынын жабу үшін субсидия уақытында беріледі деп мәлімдеді.

«Қолдау аз емес. Бұрын өсімдік шаруашылығына қолдау 1 трлн теңгеге жетсе, қазір мал шаруашылығына бөлек бағдарлама ашылды. 1 наурыздан бастап өтінімдер қабылданады. Сол арада қаржыландыру мәселесі шешіледі. Шаруашылықтардың ұсағы немесе ірісі болсын, жеңілдіктерді ала алады. Мұндай көмек бұрын болмаған. Бордақылау алаңдарына былтырдан бастап 5 пайыздық жеңіл кредит 15 айға дейін беріледі. Биылдан бастап 7 жылға дейін 6 пайызбен беріледі. Үлкен шаруашылықтар бұл бағдарламаларға қатыса алады», – деді министр.

Сапаров ірі қара мал мен қой шаруашылығына басымдық беріп, бірақ басқа шаруашылықтарды да ұмытпау керектігін айтты.

«Отбасылық фермер»

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев мал шаруашылығына бөлінетін мемлекеттің миллиардтаған ақшасын ірі шаруа қожалықтарға, агрофермаларға бере бермей, ауылда мал ұстап отырған қарапайым шаруаларға беруді ұсынған еді. Сөзінше, бұл мәселе 20 жылдан бері айтылып келеді. Ал ірі агрофермаларға бөлінген қаражат «ұрланды, желініп кетті» деп шу шығып жатады.

«Қолдасақ, ауылдағы халық расында да, отбасылық фермер болады. Ал біз қайтадан ірі компанияларға кетіп қаламыз да, субсидия сұрай береміз», – дейді ол.

Оның бұл уәжіне жауап берген ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Ауыл аманаты» бағдарламасымен халыққа 5 емес, 2,5 пайызбен несие берілетінін айтқан. Алайда депутат бұл көмек екінің біріне жетпей жатқанын аргумент ретінде келтірді.