Goldman Sachs болжамы: Қазақстан 2026 жылы мұнай өндірісін азайтады

Goldman Sachs инвестициялық банкі өзінің жаңа есебінде Қазақстанның мұнай өндіру болжамын төмендетті. Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі мұнай өндірісі бұған дейін жоспарланған межеге жетпей тұр. Қазақстанмен қатар, Венесуэла, Иран және Ирак елдерінде де өндіріс көлемі азаюы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі жазады.
Мұнай бағасы неге қымбаттайды
Банк 2026 жылдың соңына қарай мұнай бағасы өседі деп болжап отыр. Оған әлемдік дамыған елдердің қоймаларында мұнай қорының азаюы себеп.
Енді Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы бұрын айтылған 56 доллардың орнына 64 доллар болады деп есептелген.
Нарықтағы тепе-теңдік қалай сақталады
Қазақстанда өндіріс азайғанымен, Америка елдері мен ОПЕК-тің кейбір мемлекеттері мұнай шығаруды керісінше арттырмақ. Осының есебінен әлемдік нарықта мұнай тапшылығы болмайды.
Керісінше, 2026 жылы сұраныстан гөрі ұсыныс көп болып, нарықта тәулігіне 2,3 миллион баррель артық мұнай қалуы мүмкін.
Алдағы үш жылға болжам
Нарықтағы бағаға геосаяси жағдайлар мен санкциялар мәселесі әлі де қысым көрсетіп тұр.
Егер Ресей мен Иранға қатысты санкциялар жеңілдеп, нарыққа қосымша мұнай көлемі шығатын болса, баға көрсеткіштері қайта төмендеуі мүмкін.
Дегенмен, 2027 жылдың желтоқсанына қарай сұраныстың тұрақтылығы мен өндіріс өсімінің бәсеңдеуі нәтижесінде Brent бағасы 70 долларға, ал WTI 66 долларға дейін көтеріледі деген ұзақ мерзімді болжам бар.
Бұған дейін Қашаған кен орнын игеріп отырған ірі мұнай компаниялары 2,3 трлн теңгелік (4,6 млрд доллар) экологиялық айыппұлға байланысты халықаралық арбитражға өтініш бергені белгілі болған.