Қарағанды облысындағы кен орнынан ірі алтын қоры анықталды

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы Қарағанды облысында орналасқан Жосыбай кен орнындағы алтын қоры айтарлықтай өскенін хабарлады. 2025 жылғы барлау жұмыстарының нәтижесінде, мұндағы алтын ресурстары 8,2 тоннаға жеткен. Бұл бұрынғы есеппен салыстырғанда 68%-ға немесе 3,3 тоннаға артық.
Зерттеу жұмысының нәтижесі қандай
Геологтар атқарылған жұмыстардың арқасында тек алтын көлемін анықтап қана қоймай, оның нақты қай жерде және қандай тереңдікте жатқанын да нақтылады. Ресурстардың зерттелу деңгейіне қарай бірнеше санат бойынша өсім байқалды:
- Барланған (Measured) қор: 786,7 кг алтын ең жоғары сенімділік санатына өткізілді.
- Бағаланған (Indicated) қор: Бұл санаттағы ресурс 1,3 тоннаға (+30%) өсті.
- Болжамды (Inferred) қор: Алдын ала болжам бойынша алтын көлемі 481 келіден 1,6 тоннаға дейін (+248%) ұлғайды.
Барлау барысында 7 мың метрден астам бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, кен орнының заманауи үшөлшемді (3D) моделі жасалды.
Жосыбай кен орнындағы жұмысты «Тау-Кен Самұрықтың» еншілес кәсіпорны — «Ақмолит» ЖШС жүргізіп жатыр. Ал бұрғылау жұмыстарына мамандандырылған «Kazgeology Drilling» компаниясы жауапты.
2026 жылы тағы 8,5 мың метр жерді бұрғылау жоспарланған (қазірдің өзінде 5 ұңғыма дайын). Негізгі мақсат — алтын қорын нақтылап, 2027 жылдың соңында мемлекеттік есепке ресми түрде өткізу.
Жосыбай кен орны Қарағанды облысының Шет ауданында орналасқан. Ол Жарылғап батыр ауылынан 21 шақырым, ал жақын маңдағы Ақадыр теміржол станциясынан 130 шақырым жерде жатыр.
Бұған дейін Үкімет геологиялық барлауға 240 млрд теңге бөлінетіні хабарланған.