
Ұлыбритания үкіметі Ресейдің экономикалық және әскери әлеуетін әлсіретуге бағытталған ең ірі санкция пакетін жариялады.
Осыдан тура төрт жыл бұрын, 2022 жылғы 24 ақпанда, Ресей әскері Украина аумағына басып кірген.
300-ге жуық компанияға санкция салынды
Ұлыбритания үкіметі Ресейге қарсы санкция тізімін кеңейтіп, оған 300-ге жуық жаңа компанияны қосты.
Бұл жолғы шектеулердің басты нысаны – Ресей экспортының 80%-ын тасымалдайтын «Транснефть» компаниясы мен оның айналасындағы «көлеңкелі флот» желісі болып отыр.
Сонымен қатар тізімге ірі мұнай трейдерлері, 48 танкер, «Росатомның» құрылымдары мен 9 ресейлік банк (ішінде «Почта банк», «Ак Барс» т.б. бар) енген.
Бұл санкциялар пакеті тек энергетикамен шектелмей, Ресейдің әскери көлігіне қызмет ететін халықаралық технологиялық жеткізушілер мен қаржы жүйесін де қамтиды.
Ұлыбританияның дерегінше, мұндай халықаралық шектеулер Ресейді 450 млрд доллар табыстан айырған.
Қазақстан үшін «Транснефть» несімен маңызды
«Транснефть» компаниясы – Қазақстан мұнайын Еуропаға экспорттаудағы негізгі логистикалық серіктес.
«Транснефть» Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) Ресейдің 24 пайыз үлесін басқарады. Ал Қазақстан мұнайының 80%-ы осы құбыр арқылы экспортталады.
«ҚазТрансОйл» мен «Транснефть» арасындағы келісім бойынша қазақ мұнайы «Атырау-Самара» құбырымен Ресей жері арқылы Новороссийск және Усть-Луга порттарына жеткізіледі. «Дружба» құбыры арқылы қара алтын Германия мен Еуропаның басқа елдеріне тасымалданады.
Сондай-ақ Ресей мұнайы Қазақстан зауыттарына осы оператор арқылы жеткізіледі.
Тізімде Қазақстан компаниялары бар ма
Жаңа санкция пакеті қазақстандық компанияларға салынбаған. Дегенмен 2024 жылдың қарашасында санкцияға іліккен 6 компанияның атауы тізімде әлі жүр.
Олар: Kazstanex (Абрамов Василий Витальевичке тиесілі), Zapchasttrade (Кашиков Алмаз Нуритдинұлына тиесілі), CPS Energy (Абакиров Константинге тиесілі), Stanex Group (Пермикин Сергейге тиесілі), Rabadaziya (иесі -Богославский Денис) және TawKZ (Мураитов Дарханға тиесілі).